«Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиамектебі жұмысын бастады

06.11.2021


4 республикалық телеарна, 14 аймақтық арна және 4 радионы біріктірген БАҚ саласындағы ең ірі медиақұрылым «Қазақстан» телерадиокорпорациясы телевизия және радио саласының мамандарын даярлауды қолға алды.

Іріктеуге еліміздегі ЖОО-ның журналистика, медиатехнология, кино және телевизия факультетінің студенттерінен 103 өтінім келіп түсті. Оның ішінен 35 студент таңдалды.

«Біздің ең басты мақсатымыз – тәжірибемен, біліммен бөлісу, болашақ ізбасарларымыздың бойына қарашаңырақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұзақ жылдан бері қалыптасқан бай тәжірибесін, құндылықтарын сіңіру, осылайша кадрлар сабақтастығын жалғау. Медиамектеп студенттерге білім алып, тәжірибе шыңдап қана қоймай, болашақта өзінің қызмет атқаратын нақты бағытын айқындауға мүмкіндік береді», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Қатысушылар алты ай бойы «Qazaqstan», «Qazsport», «Abai TV», «Balapan» телеарнасы және «Қазақ радиолары» ЖШС мамандарынан шығармашылық және техникалық бағытта ақысыз негізде білім алады.

Студенттерге алғашқы дәрісті Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының жетекшісі Жалғас Алтаев, тележүргізуші, журналист Альбина Әшім өткізді.

Медиамектептің ең үздік қатысушылары алғашқы еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясында бастауға мүмкіндік алады.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы бұған дейін «Balapan» телеарнасының жанынан анимация мектебін құрды. Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеуге жәрдемдесу мақсатында құрылған мектептің алғашқы түлектері Қазақстанның түрлі аймағында тұратын 14-16 жас аралығындағы дарынды балалар.


Ләззат Танысбай












Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар