Корпорация туралы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасын, «Balapan», «Qazsport», «Abai tv» телеарналарын, Qazaq radiosy, «Shalqar» Ұлттық арнасын, «Astana», «Classic» радиоларын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. Мекеме Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді. Оның бастауында 1922 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарна тұр.

«Қазақстан» – мемлекетіміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын ұлттық телерадиокорпорация. Тұрғындарды қамту жағынан алдыңғы орында. Сондықтан да «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы мен аймақтық телерадиокомпанияларының толқындары анық таралатын аймақтарға кіретін Қазақстандағы ауыл тұрғындарының, кем дегенде, жартысы үшін теледидар - ақпараттық және мәдени қажеттілікті, білім алуды, демалысты ұйымдастырудың басты құралы. Сонымен қатар 14 облыста «Qazaqstan» телеарнасының аймақтық филиалдары бар.

Корпорация жаңа инженерлік-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұның бәрі қарқынды дамып келе жатқан қоғамның ерекшеліктерін және көрермендер мен тыңдармандардың ақпараттық-ағартушылық қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы эфирлік өнім өндіруге кепілдік береді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.


Корпорацияның техникалық мүмкіндіктері

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы өзінің төл туындыларын жасау үшін Алматы қаласындағы 5 аппаратты-студия блоктарын, Астана қаласындағы 2 аппаратты-студия блоктарын, 22 аппаратты видеомонтаж,  2 эфир студиясын, Астана қаласындағы 12 камералық және Алматы қаласындағы 23 камералық жылжымалы телевизиялық құрылғыны қолданады. Облыстық 14 филиал өздерінің бағдарламаларын жасау үшін 30 аппаратты студиялық блокты пайдаланады.


«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамына кіреді. Отандық телевизияның алғашқы қарлығашы ретінде 1958 жылы ірге көтерген телеарна алғашында 5 сағаттық хабар тарата бастаған. Техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайған телеарна 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар арасында төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.

Бүгінгі таңда корпорация - еліміздегі ең ірі медиа құрылым. Телеарнаның техникалық әлеуеті республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, заманауи телетаратылымның барлық талаптарына сай.

Қазіргі заманғы ең үздік құрылғылар техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндік туғызып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін салтанатты жиындар, телекөпірлер, спорт түрлерінің ең маңызды матчтары Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді.

Бүгінгі таңда Ұлттық арна эфирінде әртүрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көп. Әлемнің түкпір-түкпірін қамтитын тілшілік желі жаңалықтар қызметіне елдегі және төрткүл дүниедегі барлық маңызды оқиғаларды шұғыл түрде жариялап отыр.

«Qazaqstan» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады - әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер.

Ал, негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының туындаларына берілген. Ұлттық арна түрлі жанрдағы бағдарламалар шығарумен қоса, отандық көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді. 

Қазір жобалар өндірісінде телехабар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасауға мүмкіндік бар. Телеарна өндірістің, сондай-ақ, бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сантаңбалық технологиясына көшкен.

Бұл жүйені іске асыру жеделдікті көтерумен бірге телеарна шығармашылық бірлестіктерінің еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызады. Белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Qazaqstan» телеарнасындағыдай 12 камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.

Танымдық-тағылымдық, көңілашар ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстіндегі телеарна 2012 жылдың 24 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. HD форматқа толықтай көшкен телеарна медиа кеңістіктегі әлеуетін жыл сайын ұлғайтуда.

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасын онлайн режимінде де көруге мүмкіндік бар. Телеарнаның жеке сайты - qazaqstan.tv.


«Qazsport» телеарнасы

Еліміздегі тұңғыш спорттық телеарна - «Qazsport» арнасы 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап хабар тарата бастады. Телеарна «Qazaqstan», «Balapan», «Abai tv» және 14 аймақтық телеарналарды топтастырған «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді.

«Qazsport» телеарнасын «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі мен кабельдік жүйеде хабар тарататын операторлар арқылы көруге болады.

Таралатын жалпы хабарлардың 70 пайызы тікелей және түпнұсқа трансляциялардан тұрады. Олардың негізгісі - елімізде кең қанат жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық беделді бәсекелер.

2020 жылдың маусым айынан бері телеарнада «ДОП ДОДА», «ТУР ПО ТУРУ» секілді жаңа студиялық бағдарламалар көрерменге жол тартып, «PRO FOOTBALL», «PRO HOKKEY» бағдарламалары жаңа форматта шыға бастады. Спорт саласында шешімі табылмаған түйіткілді мәселелер тікелей эфирде талқыланатын жаңа жоба «QAZSPORT алаңы» .алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды жаңғырту әрі дәріптеу мақсатында эфирге шығып жатқан ақпараттық-танымдық «Сәйгүлік сыны» бағдарламасы өзінің тұрақты көрерменің тапты. Отандық телевизия саласында және Қазақстан спорты тарихында алғаш рет футбол және волейболдан өткен ҚР чемпионаттары толық көлемде көрсетілді. Бұдан бөлек футзал және хоккейден өткен елішілік жарыстар назардан тыс қалмай, жалпы отандық көрсетілімдердің көлемі 85 пайызға дейін ұлғая түсті.

Телекөрсетілімдер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы хабарлардың 20 пайызын жаңалықтар мен бағдарламалар ал, 10 пайызын деректі фильмдер құрайды. Телеарна тәулігіне 18 сағат хабар таратады. Ресми сайты - qazsporttv.kz.

«Qazsport» спорт телеарнасының шығармашылық ұжымында өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Олардың арасында Қазақстанның ең үздік спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлденің иегерлері де бар. 


«Balapan» телеарнасы

«Balapan» телеарнасы 2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап эфирге шыға бастады. Шығармашылық бірлестік «Қазақстан» телеарадиокорпорациясының құрамына кіреді. Арна кабельдік желіден эфирге шығады. Аудиториясы 0-8 жас аралығындағы балалар. Эфир уақыты 07:00 – 24:00 аралығын қамтиды. «Balapan» телеарнасы тек қана қазақ тілінде хабар таратады. Интернеттегі арнайы беті - http://balapan.tv/

«Balapan» телеарнасының алға қойған мақсаты - келешек ұрпақтың тамырына рухани нәр беріп, «интеллект» иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасау. Сондай-ақ, дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ұжданы мол, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.

Телеарнаның басты ерекшеліктері:

● Ол -Қазақстан тарихындағы балаларға арналған тұңғыш арна.

● Ол - тек қазақ тілінде хабар таратады.

● Ол - білім мен ғылым, тәлім-тәрбиенің сарқылмас кені.

«Балапан» телеарнасының «Батырлар» жобасы  2015 жылы халықаралық «ТЭФИ-2015» телевизиялық байқауының жеңімпазы атанды.


«Abai tv» телеарнасы

Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар таратады. Телеөнімдердің 80 пайызы қазақ тілінде эфирге шығады. Арна «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар. Телеарна ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады. Отандық телевизия көшіне ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қосылып отырған жаңа арнаның негізгі міндеттерінің бірі - хакім Абай мұрасын дамыту ісін ілгерілету.


Qazaq radiosy

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың бастамасымен, Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын тарату жүйесін құру жөнінде шешім қабылдады. 

Қазақстанның сол кездегі астанасы - Орынбор қаласынан бүкіл республикаға 1921 жылдың қазан айының 1 жұлдызынан алғашқы трансляция басталды. 

Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Qazaq radiosy – еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Ұлттық арна республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарына жетеді.  

Бүгінгі таңда Qazaq radiosy өзінің форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция.

Qazaq radiosy-ның музыкалық форматы ұлттық және әлемдік музыкадан тұрады. Бұл формат бізге қазақстандық вокал мен операның шеберлерін ғана емес, әлемдік классика мен бүгінгі таңдағы музыканың барлық бағыттарын рок, кантри, джаз, хит және т.б. сөз ететін музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергі келтірмейді. Радиоарналардың жеке сайты - qazradio.fm.


«Shalqar» Ұлттық арнасы

«Shalqar radiosy» радиоарнасы өз қызметін 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті. Алғашында екі сағаттық бағдарлама ретінде хабар таратқан арнаның кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады.

Радио 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласының көлемінде ғана хабар таратты. Қәзіргі таңда тек мемлекеттік тілде республика аумағының 64%-на  хабар таратып келеді. Орташа тәуліктік хабар тарату уақыты - 18 сағат. 

2016 жылы радиоарна «Жыл таңдауы» номинациясы бойынша лауреат атанды;

2017 жылы «Үркер» ұлттық байқауының марапатына ие болды;

2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.


«Astana» радиосы

«Astana» радиосы –  елорданың тұңғыш мемлекеттік жастар радиосы. Ең алғаш 1999 жылы 19 қаңтарда 101.4 FM толқынында эфирге шықты. Осы уақыттан бастап, радио қызметкерлері «Ақ ниетпен әр үйге» деген ұранмен қызмет атқаруда. Тәуліктік хабар тарату көлемі – 18 сағат.

2003 жылдың 1 ақпанынан бастап, «Astana» радиосы өзінің эфирлік форматын жаңартып, заман талабына сай, сандық құрылғылармен жұмыс істейді. Хабарлардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде шығарылады. Радионы «ОТАУ ТВ» спутниктік пакетінде және онлайн режимде тыңдауға мүмкіндік бар.

«Astana» радиоарнасының миссиясы – Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық-саяси оқиғаларын жария ету, қала мен елдің өмірі туралы объективті және тексерілген ақпарат беру, қаланың экономикалық, мәдени және әлеуметтік маңызды іс-шаралары бойынша гид жүргізу.

Радиоарна 1999 және 2003 жылдардағы ең үздік ақпаратты топтамасы үшін «Алтын Жұлдыз» жүлдесін жеңіп алып, 2006 жылы «Үздік радио» атағына ие болды.


«Classic» радиосы

«Classic» радиосы - Қазақстандағы классикалық музыканың алғашқы радиостанциясы. «Classic» радиосының форматы – түрлі жанрлардағы, ұлттық мектептер мен бағыттардағы классикалық музыка. Мақсаты – жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттау, классикалық музыканың танымалдылығын арттыру, халықтың музыкалық сауаттылығын көтеру. 

Радиостанция жұмысын 102.8 FM жиілігінде 2011 жылдың 6 мауысымнан бастады. Нақ осы күннен бастап, Алматыдағы классикалық музыканы сүйетіндер аудиториясы музыка өнерінің соны үлгілерімен таныс бола бастады.

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан» РТРК» Акционерлік қоғамының құрамына енді.


www.qazaqstan.tv порталы

«Қазақстан» РТРК» АҚ интернеттегі ресми беті www.qazaqstan.tv порталы 2009 жылы 3 желтоқсанда тіркелген. Портал аясында Ұлттық арнаның www.qazaqstan.tv порталы, «Qazsport» телеарнасының www.qazsporttv.kz, «Balapan» телеарнасының www.balapan.tv, «Abai tv» телеарнасының www.abaitv.kz, «Qazaq radiolary» ЖШС-ның  www.qazradio.fm және аймақтық телеарналардың 12 сайты топтастырылған.

Порталдың барлық әлеуметтік желілерде ресми парақшалары:  Facebook, Instagram, Twitter, Telegram, YouTube желілерінде - @qazaqstantv.  Сол сияқты порталдың  Аndroid, IOS-қа арналған «Qazaqstan.tv» мобильдік қосымшаcы жұмыс істейді.

Аймақтық арналар