«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильм түсіруде

15.09.2021

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Қырғыз тарапымен бірлесіп Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильм түсіруде. Бұл туралы бүгін XVII Еуразиялық медиа форумда телерадиокорпорацияның Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.


Қырғыз-қазақ бірлескен деректі фильмі екі ел арасындағы тарихи достық қарым-қатынасты насихаттауды көздейді. Лейтмотив ретінде Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы алынған. Оның екі ел арасындағы байланысты нығайту жолында атқарған еңбектері баяндалады.

«Түсіру тобы Ш.Айтматовтың ауылы Шекерде болып, ондағы Айтматовтың шығармаларына арқау болған деректі орындарды түсіріп қайтты. Ш.Айтматовтың музей үйі таспаланып, қарындасы Роза Айтматовадан, ұлы Эльдардан сұхбат жазылып алынды. Талас облысына қарасты Маймақ станциясында жазушы өмірі туралы қойылымдық түсірілім ұйымдастырылды. Жобаны Қырғызстанның «Пирамида» медиахолдингімен бірлесе, ынтымақтастық аясында қолға алдық. Деректі фильмді «Abai TV» арнасымен қатар, түркітілдес елдердің телеарналарында көрсету жоспарланған», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.


Сонымен бірге Л.Танысбай «Balapan» балалар телеарнасы қырғыз аниматорларымен бірлесіп, ғарыш саласы жайындағы анимациялық жобаның түсіріліміне дайындық бастағанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстан бұл сала бойынша бірқатар табыстарға қол жеткізді, өнімдеріміз сыртқы нарыққа шығарыла бастады. Елдегі балаларға арналған жалғыз ғана «Balapan» телеарнасы анимация өндірісінің дамуына ерекше серпін беріп отыр. Жылына 250-300 бөлімді құрайтын 20-25 анимациялық туынды шығарып отырмыз. Түркітілдес елдерді біртұтас түркі тарихын көрсететін анимациялық жобалар өндірісіне атсыласуға шақырамыз», - деді Басқарма төрайымы.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар