«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан «Жақсылық жаса» жобасының тұсауы кесілді. Екі бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілерін тегін жаттықтырып жүрген Ескендір Зикринов пен төл шәкірті Рустам Талғат студия қонағы болды.
Рустам Талғат бапкерін «екінші әкем» деп атап кеткен.
«Мен Балалар үйіне 12 жасымда түстім. Сол жерде Ескендір аға бокс үйірмесіне шақырды. Маған бокс қатты ұнады, өзіме Әлем чемпионы боламын деп мақсат қойдым. Ескендір ағаға маған бапкер болып жүргені үшін алғыс айтамын, әкемдей болып кетті. Оның қолдауымен мақсатыма жетемін деп ойлаймын. Ол менен өзге басқа да балаларды бар ынтасымен жаттықтырады», - дейді Рустам Талғат.
Ескендір Зикриновке балалар үйінің тәрбиеленушілерін жаттықтыру жайлы ұсынысты досы айтқан.
«Алғашында досым осында жаттығу залын ашатын болып, мені жаттықтырушы болуға шақырған. Сол жерде Балалар үйінің тәрбиеленушілерін де жаттықтыру ұсынысын құптап, іске кірісіп кеттік. Енді міне, екі жылдан астам осы шәкірттерімді баптап келемін. Балалар бөтен емес, бауыр басып қалдым», - дейді Ескендір Зикринов.
Е. Зикринов 30-ға жуық балаға тәлім беріп жүр.
«Біздің бокс клубымызда бөліну жоқ, барлығы бірге жаттығады. Балаларға жаман әдеттерден алыс болыңдар, жаман ортамен араласпаңдар деп уайымдап, жиі айтып жүремін. Мен шәкірттерімнен тек спорттық нәтижелер күтпеймін, мақсатым оларды жаман жолдан сақтау», - дейді жаттықтырушы.
Сонымен қатар, жобаның алғашқы шығарылымында 130 бала үшін жанын қиған қарағандылық полиция сержанды Қайрат Жұмабековтің жары мен баласы, төрт жылда 6 тонна пластик қақпақ жинап, одан түскен қаражатты төрт баланың еміне жұмсаған павлодарлық оқушылар қонақ болды.
Бағдарламаның мақсаты - жақсылық жасауды өмірлік қағидасына айналдырған бүгінгі күннің батырларын үлгі ету. Жоба әр жұма сайын тікелей эфирде шығады. Жүргізушісі – Ләйлә Қазиақпар.
Бағдарламаның толық нұсқасы: