Корпорация 2023 жылғы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарын көрсету құқығын иеленді.
Қазақстандық жанкүйерлер спорттық сайыстарды ел аумағында «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Сонымен бірге qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттары мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляция жасалады.
Қытайдағы жазғы Азия ойындарын өткізу мерзімі 2022 жылға жоспарланып, коронавирус инфекциясына байланысты бір жыл кейінге шегерілген болатын.
«Коммерциялық тұрғыдан тиімді бағаға қол жеткізу үшін ірі трансляциялардың құқығы бойынша келіссөздер ұзақ мерзімге созылады. Азия Олимпиадалық кеңесімен бір жылға жалғасқан келісімдердің нәтижелі аяқталғанын хабарлаймыз. Трансляциялардан бөлек, Ханчжоу қаласына түсірілім тобы жіберіліп, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей қосылымдар, студиялық бағдарламалар ұйымдастырылады.Қазір Азия ойындарын жүргізетін комментаторлар іріктелуде», - деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
XIX Жазғы Азия ойындарында спорттың 40 түрі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Азия ойындарына қатысатын Ұлттық құрама тізімі мен жарыстардың эфирлік кестесі алдағы уақытта жарияланады.