Статистикалық ақпарат

Қоғамның цифрлану үрдісі медиаиндустрияның барлық сегментіне әсер етуде. Ал ғаламтор дәуірінде телевизия ақпарат таратудың қосымша мүмкіндіктеріне ие болу арқылы өз позициясын нығайта бермек. Телеэфирден бөлек, телевизиялық өнім ресми интернет-сайттар, видеохостингтер, әлеуметтік желі сияқты түрлі онлайн платформалар арқылы таралып жатыр. Көпшілік телеарналарды бұрынғыдай ең сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдайды және телевизия ақпарат алудың танымал құралы болып қала беретнін дәлелдеді. Мұны TNSGallupMedia компаниясының зерттеулерінен көруге болады.

Мәселен, осы жылдың соңғы 5 айын өткен жылғы осы кезеңмен салыстырсақ, «Qazaqstan» телеарнасының аудитория үлесінің өсім көрсеткіші 96%-ды құрады. Арна 8,8% үлеспен 8-орыннан 5-орынға көтерілді. Ал тек қана қазақ тілді аудитория бойынша – Ұлттық арнаның үлесі 12 проценттен асып, елдегі ірі 27 арнаның ішінде екінші орынға шықты.  

«Balapan» телеарнасының үлесі 35%-ға артып, 5,0% көрсеткішпен 9-орыннан 7-орынға көтерілді.  

2019 жылдан ғана тарала бастаған «TamashaTV» арнасы рейтингті 0,2% үлеспен бастаса, бүгінде көрсеткіші 4,6% жетті. Арнаның рейтингі 23 есеге артып, 20-орыннан 9-орынға көтерілді.   

Телеарна көру уақытының үлесі де жоғары көрсеткіштерге ие. Қазақстандық көрермен күніне теледидар қарауға 205 минутын жұмсайды. Бұл пайыздық көрсеткішпен - 45%. Интернет - 40%, қалған 15% басқа медиа түрлері.

«Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды жүйелі әрі белсенді түрде пайдаланып келеді. Бүгінгі таңда Корпорацияның барлық медиаресурстарындағы жазылушылардың жалпы саны 13 264 747 адамды құрайды. Оның ішінде YouTube платформасындағы жазылушылар саны 8 636 634.

Бір ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының ресми Instagram парақшасында 900 000, ал TikTok платформасында 1 миллионнан аса оқырман тіркелген. Бұл - аталған әлеуметтік желілердегі отандық телеарналар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Цифрлық кеңістіктегі бұл белсенділік – Корпорация жобаларының мазмұндық тартымдылығы мен аудитория талғамына икемделе отырып, жаңа форматтарды тиімді игере алғанының нәтижесі.

Қазіргі медиатұтыну үрдістері жедел өзгеріп, көрермен теледидардан онлайн платформаларға бет бұрып жатқан сәтте «Қазақстан» РТРК өз контентін сан түрлі цифрлық алаңға бейімдей отырып, көрерменмен байланысын үзген жоқ.

Керісінше, YouTube, TikTok, Instagram сынды платформаларда аудиторияны сақтап қана қоймай, жаңа буынды қызықтыра алатын сапалы контент өндіруді жүйелі түрде жолға қойды.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

7) статистикалық ақпаратты:

— ведомстволық статистикалық дерекқорды жариялауы тиіс;

Аймақтық арналар