Қоғамның цифрлану үрдісі медиаиндустрияның барлық сегментіне әсер етуде. Ал ғаламтор дәуірінде телевизия ақпарат таратудың қосымша мүмкіндіктеріне ие болу арқылы өз позициясын нығайта бермек. Телеэфирден бөлек, телевизиялық өнім ресми интернет-сайттар, видеохостингтер, әлеуметтік желі сияқты түрлі онлайн платформалар арқылы таралып жатыр. Көпшілік телеарналарды бұрынғыдай ең сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдайды және телевизия ақпарат алудың танымал құралы болып қала беретнін дәлелдеді. Мұны TNSGallupMedia компаниясының зерттеулерінен көруге болады.
Мәселен, осы жылдың соңғы 5 айын өткен жылғы осы кезеңмен салыстырсақ, «Qazaqstan» телеарнасының аудитория үлесінің өсім көрсеткіші 96%-ды құрады. Арна 8,8% үлеспен 8-орыннан 5-орынға көтерілді. Ал тек қана қазақ тілді аудитория бойынша – Ұлттық арнаның үлесі 12 проценттен асып, елдегі ірі 27 арнаның ішінде екінші орынға шықты.
«Balapan» телеарнасының үлесі 35%-ға артып, 5,0% көрсеткішпен 9-орыннан 7-орынға көтерілді.
2019 жылдан ғана тарала бастаған «TamashaTV» арнасы рейтингті 0,2% үлеспен бастаса, бүгінде көрсеткіші 4,6% жетті. Арнаның рейтингі 23 есеге артып, 20-орыннан 9-орынға көтерілді.
Телеарна көру уақытының үлесі де жоғары көрсеткіштерге ие. Қазақстандық көрермен күніне теледидар қарауға 205 минутын жұмсайды. Бұл пайыздық көрсеткішпен - 45%. Интернет - 40%, қалған 15% басқа медиа түрлері.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдаланады. Барлық медиаресурстардағы жазылушыларының саны - 5 788 413. Оның ішінде Youtube арналардағы жазылушыларының саны - 4 204 753. Бұл отандық арналардың Youtube парақшалары ішінде бірінші орында тұрмыз деген сөз.
Ал, Youtube интернет-платформасында ең көп қаралым жинайтын телевизиялық жобалар екенін айта кеткен жөн. Соңғы 90 күнде Youtube-тағы танымал жобалардың жиырмалығын отандық телеарналардың контенті құрап отыр. Бұл жағдайда Интерет телевизиялық контентті танымал етудің қосымша құралына айналып отырғанын көре аламыз. Биылғы жыл бойынша Корпорацияның You Tube-каналдарындағы жалпы қаралым саны 166 млн-ды құрады.