Ирина Советжанқызы

Ирина Советжанқызы

«Қос палата» бағдарламасының жүргізушісі

1980 жылдың 24 маусымында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Үйдегі сегіз баланың ортаншысы.

Қайнар орта мектебін үздік бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 2001 жылы тәмамдады. Кейін осы оқу орнының журналистика магистратурасын тәмамдаған. Ғылыми дәрежесі – магистр.

Жұмыс тәжірибесін университет қабырғасында жүрген кезінде басталған. Алғашқы журналист ретіндегі қаламақысын - бірінші курстан кейін тәжірибеден өткен «Түркістан» халықаралық газетінде – басылымның сол тұстағы басшысы, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхаметжановтың тағайындауымен алған. Оқу орнын бітіргеннен кейін бірқатар газетте жұмыс істеген. «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан» саяси апталығы, «Қазақстан заман» халықаралық газетінде журналист, бөлім меңгерушісі, «Азат» саяси апталығында тілші, «Алматы» телеарнасында арнаулы корреспондент, «Таңғы бағдарламалардың» жауапты редакторы қызметін атқарған.

2010 жылдан бастап 31 телеарна «Информбюро» жаңалықтар қызметінің арнаулы корреспонденті. 31 арнадағы «Айтылмаған әңгіме», «Жұлдызды шаңырақ», «Сәт сапар», «Айта берсін», «Ұят емес», «Өнер мен өмір» бағдарламаларының жауапты редакторы.

2012-2024 ж,ж аралығында эфирден үзілмей берілген «Сөздің шыны керек» әлеуметтік-сараптамалық бағдарламасының авторы, әрі жүргізушісі, одан өзге осы арнадағы «Көмектесейік» қайырымдылық бағдарламасының редакторы, продюсері, әрі жүргізушісі болып қызмет атқарды. Фрилансер ретінде «Евразия» арнасының «Бір сұрақ» бағдарламасының шеф-редакторы, КТК телеарнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасының редакторы, «Қамшы» порталының «Қамшы-сұхбат» бағдарламасының редакторы, жүргізушісі болып жұмыс істеген. «Қамшы» ақпарат агенттінің «Дүр-Қамшы» кешенді жобаларының авторы, әрі жүргізушісі.

Қазір «Qazaqstan» телеарнасы «Қос палата» бағдарламасының жетекшісі, жүргізушісі.

Марапаттары:

Сюжеттерінің 30 шақты кейіпкерінің баспаналы болуына себепші болған. ҚР Қайырымдылық ісі үшін берілетін «Шапағат» медалінің иегері (2022)

ҚР Президентінің «Қазақстан телевидениесін дамытуға үлес қосқаны үшін» бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының иегері (2023)

Журналист Геннадий Бендицкий атындағы сыйлықтың «Ең үздік журналистік зерттеуші» номинациясының иегері (2023)

«Нұр сұңқар» сыйлығының иегері (2020)

ҚР Президентінің «Халық алғысы» медалінің иегері (2020)


Аймақтық арналар