Қаракөз Тұрмағанбет

Қаракөз Тұрмағанбет

«Ақпарат» бағдарламасының жүргізушісі

2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» мамандығы бойынша бакалаврды тәмамдаған. 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» мамандығы бойынша магистратураны бітірді. 

Еңбек жолын 2008 жылы «Евразия+ОРТ» ЖШС-да орыс тіліндегі телевизиялық өнімдердің мәтінін теруші болып бастаған. 2010-2013 жылдары «Qazaqstan» мен «Balapan» телеарналарына арнап мультфильм, фильм және деректі фильмдерді ағылшыншадан қазақшаға аударумен айналысты. 2013-2021 жылдары «Хабар» және «Хабар 24» арналарында жаңалықтар қызметінде шетел ақпаратын дайындайтын редактор, ал бағдарламалар бөлімінде редактор және аға редактор болды. 

2019-2020 жылдары «Хабар 24» арнасындағы «Сұхбат» және «Диагноз» бағдарламаларының журналисі әрі жүргізушісі болып еңбек етті. 

2021-2022 жылдар аралығы «Еларна», «Хабар 24» арналырына арналған «Сандар сөйлейді», «Просто цифры», «Іздер мен біздер», «Мәдениет жаңалықтары», «ART&АПТА», «Керек дерек» телевизиялық жобаларының редакторы болып жұмыс істеді. 

2022-2023 жылдары «Хабар» арнасындағы «Оян» таңғы ақпараттық-танымдық бағдарламасында тілші қызметін атқарды. 

2023 жылдың қазан айынан «Qazaqstan» қлттық телеарнасының  «Aqparat» бағдарламасының тілшісі әрі жүргізушісі.

Қызығушылығы: жүзу, бильярд, қазақша quiz, нон-фикшн және көркем әдебиет оқу. Сонымен қатар экономика, тарих, психология және биография тақырыптарындағы подкасттарды тыңдайды/тамашалайды, түрлі жанрдағы фильмдерді де көреді, достарымен бірге талдағанды ұнатады. Көп саяхаттауға уақыт тапшы, десе де YouTube арқылы көкжиегін кеңейтуден жалыққан емес. Алуан түрлі елдерге онлайн сапарлаумен қоса, сондай контентті дайындаудың қыр-сырын меңгеруді әдетке айналдырып келеді. Мақсаты – Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ағылшын тілінде танымдық бейне-контент дайындап, елге шетелдік туристерді тарту. 

Болашақта Клинт Иствуд сияқты әрі сценарист, әрі режиссер, әрі продюсер ретінде әлеуметтік өзекті тақырыптарда кино, телехикаяларға сценарий жазып, көркем/деректі фильм түсіргісі келеді. Сол үшін де шетелде тәжірибе жинақтап, көрген-білгендерін кейін елге келіп жүзеге асыруды армандайды. 

Басты ұстанымы – арманына адал болу, әділдіктен таймау, жан баласына қиянат жасамау. Екі сөйлемейді. Инсектофобиясы бар. 

Мектеп қабырғасында Жұмагелді Нәжімеденов дирижерлік еткен оркестрдің солисі әрі домбырашысы болған. Оқушы, студент кезінде көптеген ән байқауларының жүлдегері атанды.

Аймақтық арналар