Армангүл Тоқтамұрат

Армангүл Тоқтамұрат

«Ақпарат», «Жедел желі» бағдарламаларының жүргізушісі

Жоғары білімді. 2006 жылы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Социология» мамандығын үздікпен тәмамдаған. Араға 12 жыл салып, қайта ЕҰУ-дың студенті атанды. 2020 жылы Әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесіне ие болды. Диссертациялық жұмысын «Қазақстандағы дәстүрлі және жаңа медиа алаңы» тақырыбында жазып, қорғады.

Алғашқы еңбек жолын мамандығы бойынша бастаған. 2006 жылы Астана қаласы әкімшілігі, Ішкі саясат департаментінде социолог болып жұмыс істеді. 

2007-2009 жылдар аралығында «ЭРА Телекомпаниясы» ЖШС-де әртүрлі форматта тәжірибе жинады. «Замана» әлеуметтік ток-шоуында, «Апта айнасы» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында тілші болды. Біраз уақыт «Астананың жаңа дәуірі» бағдарламасының жүргізушісі әрі редакторы болып, кейіннен «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының тілшісі әрі жүргізушісі болып жұмыс істеді.

2010-2014 жылдар аралығында «Астана TV» телеарнасында «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жауапты редакторы әрі жүргізушісі, екі жылдай «Күнделік Армангүл Тоқтамұратпен» сараптамалық бағдарламасының редактор-сарапшысы әрі жүргізушісі болып тәжірибесін байытты.

2014-2015 жылдары «Жетінші арнада» «Нысана» сараптамалық бағдарламасының тізгінінде болды.

2015 жылдан бері «Қазақстан» РТРК» АҚ-да  «Aqparat» ақпараттық бағдарламасында қызмет етіп келеді. Әр жылдары тілші, Президент пулының журналисі, жаңалықтардың жүргізушісі болып, кәсіби тұрғыда тағы да шыңдалды.

2022 жылы көктемде «АстанаTV» телеарнасына «Sarap Times» апталық-сараптамалық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болуға шақырту алды. Жарты жылдан соң өз қалауымен қара шаңыраққа оралды. Қазір «Aqparat» ақпараттық бағдарламасының және «Жедел желі» бағдарламасының жүргізушісі.

Марапаттары: Журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін түрлі дипломдары мен Президенттің алғыс хаттары бар. 2016 жылы БАҚ арасындағы IV Ұлттық премиясының жеңімпазы. 2020 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Халық алғысы» мерекелік медалі берілді. «Тұмар-2022» ұлттық телевизиялық бәйгесінің жүлдегері.

Ұстанымы: Журналистің басты ұстанымы - нейтралитет ал, өмірдегі ұстанымы – еңбек бәрін жеңбек! Әділдік! Шыншылдық!

Мақсаты: «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы кәсіби ортада біліктілігін шыңдау, арнаның дамуына және көрерменге сапалы ой қалыптастыратын дүниелер жасауға үлесін қосу. Қазақстанның азаматы ретінде де, елдің көреюі үшін пайдалы дүние жасау.

Қызығушылығы: Кітап оқу. Журналист үшін тілдік қордың бай болуы мен сауаттылық өте маңызды. Сондықтан күнде кешке кемінде 20 минут кітап оқуды дағдыға айналдырған. Әсіресе, жетістікке жеткен адамдардың автобиографилық кітаптары қызық. Фитнec. Дене сымбатының сау әрі әдемі болғаны маңызды. Йoгa. Қарбаласы көп қалада ойды реттеп, жанды тыныштыру да керек. Енді медитацияны қолға алуды ойлап жүр. Өмірлік мәні бар, адамға ой салатын, жақсылық жасауды насихаттайтын деректі және көркем фильмдерді көргенді ұнатады. Әртүрлі саланың кәсіби мамандарымен кофе ішіп, емін-еркін сұхбаттасып, әртүрлі саладан тәжірибе алмасуға әуес. Көпті көрген қариядан, тіпті, ойы таза баладан да алар, үйренер нәрсе бар.


Аймақтық арналар