Ерқанат Көпжасарұлы

Ерқанат Көпжасарұлы

«Ашық алаң» саяси ток-шоуының жүргізушісі

1987 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе ауылының орта мектебінде 9-сыныпқа дейін оқыды. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі республикалық өнер сайыстарына қатысқан. «Мұқағали оқулары», «Абай әндері», «Айналайын» халықаралық фестивальдерінің лауреаты. Қолы босаса, кітап оқып, домбыра тартып, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Ең жақсы көретін спорты – бокс.

9-сыныпты аяқтаған соң әкесінің қалауымен П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледжінде домбырашы мамандығы бойынша білім алды. Онда фортепиано, сазсырнай, домбыра аспаптарын үйренді. Домбыра мамандығы бойынша ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Біләл Ысқақовтың мектебін бітіріп шықты.

Ал 2007-2010 жылы Абай атындағы ҚазҰУ педагог-психолог мамандығымен білім алды. Университет қабырғасында жүріп, еліміздің 44 ЖОО арасында өткізілген «Жас толқын» конкурсында бас жүлдені иеленген. Оқу жылдары университеттің жастар ісі жөніндегі комитетте қызмет етеді. Универсеттегі білімін тәмамдаған соң, өзі армандаған Қазақ радиосында іс-тәжірибеден өтіп, ұлттың үнжариясына қызметке қабылданды. Радиомен қатар, «Алматы» телеарнасының «Күліп оян, Алматы» бағдарламасын жүргізген.

Ал 2012 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Таңшолпан» ақпаратты -сазды бағдарламасында жүргізуші болып жұмыс істеді. Сондай-ақ кешкі ойын-сауықтық «Кеш жарық, Қазақстан!» бағдарламасын жүргізді. 2017 жылға дейін Қазақ радиосында «Армандастар», «Махаббат аялдамасы», «Сіз, не дейсіз» секілді түрлі ойын-сауықтық, әлеуметтік, саяси бағдарламалардың тізгінін ұстады. Әр жылдары «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» секілді спорттық додаларды жүргізген. Екі рет қатарынан қазақ күресінен журналистер арасында өткізілген «Журналистер барысы» жарысының жеңімпазы болды.

2017 жылдың күзінде «31 арнаның» «Неге?» қорытынды-сараптамалық бағдарламасына жүргізушілікке алынды. Сол жылы осы арнадағы «Информбюро» жаңалықтар қызметінде жұмыс істеді.

Ал 2020 жылы «31 арнаның» «Неге?» қоғамдық-саяси ток-шоуының тізгінін ұстады. 2018 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» сыйлығымен марапатталған. 2019 жылы Президент алғысының иегері атанды, 2022 жылы «Президент сыйлығының иегері» марапатына ие болды.

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанның басты саяси ток-шоуы - «Ашық алаң» бағдарламасына жүргізушілікке жұмысқа алынды.

Арманы - журналистика саласы мен мемлекетке еңбек ету. Көпбалалы әке ұл-қыздарына үлгі болуды армандайды.



Аймақтық арналар