Қонысбек Терекұлы

Қонысбек Терекұлы

«Таңшолпан» бағдарламаларының жүргізушісі

2013 жылы Қазақ-Орыс Халықаралық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 2008 жылы сатира театрында сценарист-редактор болып бастаған. 2009-2013 жылдары «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясында редактор-тележүргізуші болып еңбек етті. «Қайырлы таң, Ақтөбе», «Жігер» жастар хабары, «Бақ пен бап» спорт хабары, «Әсерлі әңгіме», «Атажұрт» тарихи танымдық жобасының жүргізуші-редакторы болды.

2014-2015 жылдар аралығы «Қазақстан-Ақтөбе» және «Нұр» телекомпаниясының бас редакторы болып еңбек етті. Жаңалықтар қызметінің жүргізушісі болды.

2017-2020 жылдар аралығы «Ақтөбе» арнасында редактор, бас редактор болып еңбек етті. Облыстық «Aqtobe» телеарнасындағы «Бүк-шік», «Елдің баласы», «Ахтанов54», «Менің кәсібім» сияқты көптеген хабарлар мен бағдарламалардың авторы.

2021-2022 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары әрі бас редактор қызметін атқарды.

2022 жылдың наурыз айынан «Aqparat» бағдарламасының, қыркүйек айынан бастап «Tańsholpan» бағдарламасының жүргізушісі.

Қызығушылығы: Көркем әдебиет, нон-фикшн, детектив, психологиялық және биографиялық жанрдағы кітаптарды оқиды. Болған оқиға желісімен түсірілген фильмдерді және биография жанрындағы кинотуындыларды көргенді ұнатады. Көп саяхаттайды. Қазақстанның барлық өңірін аралап, қасиетті мекендер мен тарихи орындарға сапар шеккен. Бірнеше шет мемлекетке саяхат жасаған. Мақсаты - әлемнің елу елін аралау.

Бос уақытында табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Театр, музей, кітапханаларға, концерттер мен шығармашылық шараларға жиі барады. Кино, телехикаяларға сценарий жазуды армандайды. Сондай-ақ шетелде тәжірибе жинап, білім көкжиегін кеңейтсем деген мақсаты, үйренгенін елге келіп жүзеге асырсам деген арманы бар. 

Басты ұстанымы – әділдіктен таймау, сенімнен шықпау. Өтірікке жаны қас. Клаустрофобиясы бар.

«Абай-Шәкәрім» оқуларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Оқушы, студент кезінде көптеген ән байқауларының жүлдегері атанды. 


Аймақтық арналар