Айнұр Омар

Айнұр Омар

«Әйел әлемі» бағдарламасының жүргізушісі

1984 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келді.

1996 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатында оқуын жалғастырды. Мектеп қабырғасында жүріп, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша облыстық, республикалық пән Олимпиадасың жүлдегері және «Дебат» ойындарының республика бойынша «Үздік спикері» атанды, «Дзюдо» күресінен спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. 15 жасынан облыстық «Дидар» газетінің штаттан тыс тілшісі болып, журналистикадағы жолын бастады.

2002-2006 жылдары Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да журналистика факультетінде оқыды. Айта кету керек, аталмыш оқу орнында «Журналистикадан» қазақ тобын аштырған да Айнұр Омар болатын. Университеттің 1-курсынан бастап облыстық «Қазақстан-Өскемен» телеарнасында қызмет етті. Оқу бітіргенше сол жерде жұмыс істеп, тәжірибе жинады. «Жаңалықтарға» сюжет әзірлеп, студиялық хабарлардың авторы-жүргізушісі болды.

2003 жылы «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінде 2-орын алды. Оқуын тәмамдаған соң, қызмет жолын Астана қаласындағы «Астана» телеарнасында, кейінірек «7 арнадағы» «Нысана» бағдарламасында жалғастырды. «Нысана» бағдарламасындағы сюжеттері республикалық, халықаралық жобалардан «Үздік» деп танылып, жүлделі орындар алды. 2013 жылы «Qazaqstan» телеарнасының «Апта» сараптамалық бағдарламасының арнайы тілшісі атанды. «Апта» бағдарламасындағы әр сюжеті өзекті мәселелер көтеріп, көрермен көкейінен орын алды. Әсіресе, Вьетнам, Беларусь, Моңғолия елдерінен жасаған арнайы материалдары, оқ пен оттың ортасы - Арыс қаласынан берген арнайы репортажы жақсы рейтинг жинады. 

2019-2020 жылдары «Қазақстан» Ұлттық арнасында өткен «Үш алып – келеді күш алып», «Димаш», «Рахмет, Мама», «Мың алғыс» фильмдерінің авторы –жүргізушісі, «Ғажайып өлке» бағдарламасының авторы-жүргізушісі болды.

Қазір «Әйел әлемі» бағдарламасының жүргізушісі. 

«Бағдарламамды да, кейіпкерлерімді де жүрегіммен жақсы көремін. Әр кейіпкерім өмірімнің жаңа ұстазы. Әр түсірілім сайын «біздің қыздар қандай мықты» деп таңғаламын. Журналист ретінде бақытымды да, бағытымды да осы бағдарламадан тапқандаймын», - дейді Айнұр Омар. 


Аймақтық арналар