Мемлекеттік шекараға қатысты телевизиялық зерттеу жобасы эфирге шығады

14.12.2021


ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы елдің мемлекеттік шекарасы туралы «№9» атауымен деректі фильм түсірді.

Жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алатын Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген бойда шекарасын бекітуге кірісіп, 13 жыл ішінде көрші бес ел – Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресеймен арадағы шекарасын делимитация жасап үлгерді. Қазақстан - посткеңестік мемлекеттер ішінде шекара шебін 100 пайыз бейбіт түрде бекітіп алған жалғыз мемлекет. Сондай-ақ 15 мемлекетпен шектесетін Қытаймен шекарасын құжат жүзінде заңдастырған алғашқы ел.

Деректі фильмде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шекараны бекітудегі жүргізген ресми келіссөздері мен қазақ дипломаттарының табанды әрекеттері тарихи деректермен баяндалады. Шекара белгілеу кезінде болған қызықты фактілер делимитациялау процесіне тікелей қатысқан қазақстандық мамандардың сұхбаты арқылы берілді.

Жобада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановтың, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Уәлихан Қалижановтың, 1993-2018 жж. ҚР Мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегация мүшесі Андрей Пащенконың, Мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау қызметінің жетекшісі Алмас Кенбаевтың сұхбаттары, шекараларды бекіту процесі кезіндегі мемлекет басшыларының эксклюзивті кадрлары қамтылған.


«Мемлекеттік шекара туралы құжат қабылданбағанда тарихтың қай бағытта жылжитыны белгісіз еді. Ендігі жерде Қазақстанның шекарасына ешкім қол сұға алмайды. Өйткені біз территориямызды тұтастай белгілеп, әлемдік қауымдастықтың мойындауын алдық. Әлемдегі ең алып екі державадан енші сұрай алуы – Елбасының ерлігі», - дейді Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев жобаға берген сұхбатында.

Деректі жобада Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей елдерімен шекара бекіту мәселесі және 22 жылға созылған Каспий теңізінің мәртебесін айқындау істері жан-жақты көрсетіледі.

Түсірілім жұмыстары Қазақстан шекарасын заңдық тұрғыдан рәсімдеуді бастаған Алматыдағы Достық үйінде, Қазақстан-Қытай шекарасындағы Достық станциясында, Жалаңашкөл бекетінде, Қазақстанға 800 метр аумағы тиесілі Шолпан ата мен Бішкек қаласы арасындағы тасжолда, Өзбекстанмен шекараны бөліп тұрған Арнасай су платинасы маңында, Каспийден басталатын Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында жүргізілді.

Фильм авторы – «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының жетекшісі, журналист Жалғас Алтаев. Деректі жоба 16 желтоқсан 16:20-да эфирге шығады.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар