Еліміздегі 4 республикалық телеарна, 14 аймақтық арна және 4 радионы біріктірген ең ірі медиақұрылым «Қазақстан» телерадиокорпорациясының телевизия және радио саласының мамандарын даярлауға арналған медиамектебі құрылды. Оған еліміздегі ЖОО-ның журналистика, кино өнері және телевизия факультетінің III, IV курс студенттері қатыса алады.
Медиамектеп жұмысы туралы Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай: «Негізгі мақсатымыз – жас журналистердің бойына Корпорацияның, ондағы қызмет атқаратын әріптестеріміздің ұлттық телевизия мен радионы дамыту жолындағы құнды тәжірибесін сіңіре отырып, кадрлар сабақтастығын жалғау, қазақ журналистикасының қарашаңырағы ретінде еліміздің жоғары оқу орындарының сапалы кадрлар даярлау ісіне тәжірибелік тұрғыдан атсалысу. Қысқаша айтқанда, біздің міндетіміз – біліммен бөлісу», - деп атап өтті.
Медиамектеп БАҚ саласы бойынша теориялық білім жинақтап жатқан студенттердің практикалық дағдыларды меңгеруіне және болашақта қызмет атқаратын бағытын нақты айқындауға мүмкіндік беретін тәжірибе алаңы болмақ. Медиамектептің ең үздік қатысушылары алғашқы еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрылымдарында бастауға мүмкіндік алады.
Өтінімдер 2021 жылғы 1 қарашаға дейін qazaqstan.tv ресми сайты немесе mediamektep@qazaqstan.tv электронды поштасы арқылы қабылданады. Оқытуды Корпорацияға қарасты «Qazaqstan», «Qazsport», «Abai TV», «Balapan» телеарнасы және «Қазақ радиолары» ЖШС мамандары шығармашылық және техникалық бағытта ақысыз негізде жүзеге асырады.
6 айға жалғасатын медиамектептің алғашқы курсы Нұр-Сұлтан қаласы, «Қазмедиа» орталығы телерадиокешенінде оффлайн форматта жүргізіледі. Қосымша ақпарат бойынша байланыс телефоны: +7 (717) 2 75 71 60.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы бұған дейін «Balapan» телеарнасының жанынан анимация мектебін құрды. Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеуге жәрдемдесу мақсатында құрылған мектептің алғашқы түлектері Қазақстанның түрлі аймағында тұратын 14-16 жас аралығындағы дарынды балалар.