Сириядан оралған қазақ әйелі: Ол жақта болған әйелдердің балалары аштан өліп жатты

29.10.2019

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Сириядағы соғыс аймақтарынан құтқарылған қазақстандықтар туралы деректі фильм түсірді. «Жусан: оралу мен оңалу» атты екі бөлімді туынды «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясының желісі бойынша әзірленген. 

Қазақстандықтар қақтығыс аймақтарына қалай аттанды? Олар кімдердің жетегінде кетті және қандай қиындықтарға тап болды? Жұбайларынан айырылып, жесір қалғандардың тағдыры жат жерде қалай өрбіді? Әйелдер мен балаларды елге қайтару қалай жүзеге асырылды? 

Деректі фильмде деструктивті діни ағымдардың ықпалымен шекара асқан қазақстандықтар өз оқиғаларын ашық баяндайды және бұған дейін еш жерде көрсетілмеген эксклюзивті кадрлар ұсынылады. Сонымен қатар, елге оралғаннан кейінгі радикалдық бағыттан бас тарту және бейбіт өмірге қайта бейімделу қадамдары туралы әңгімелейді. 

«Ол жақта болған әйелдердің балалары аштан өліп жатты. Ішінде жаңа туған сәбилер көп. Себебі, аналарының жағдайы мәз емес еді. Кебек жеуге тура келген кездер болды, одан ботқа дайындап, нан жауып, күнімізді әрең көрдік. Тіпті шөп жеген сәттеріміз болды, суға қайнатып, сорпасын ішуге мәжбүр болдық», - дейді бір кездері деструктивті ағымда болған күйеу баласының сөзіне еріп шекара асқан Орал қаласының тұрғыны Дариға Шелеуова. 

Айтуынша, Сирияға аттанған әйелдер ол жақта бөлек ұсталған, ал ер-азаматтар алдымен идеология бойынша, кейін арнайы әскери дайындықтан өтіп отырған. 

«Күйеу балам арнайы жарақталған көлікпен ұрысқа аттанды. Кейін бізге оның мәйіті түсірілген суретті әкеп көрсетті, жанында жұлынып кеткен аяғы жатыр, денесі мен бетіне тұтас жарықшақ тиген. Ұшақ бомбалады дегеннен басқа еш дерек айтпады. Жұбайым Иракта қаза тапты. Тірі қалғандардың айтуынша, оны ұшақ бомбалаған. Көргендер күйеуімнің басы жұлынып кеткенін, ал енді біреулері іш құрылысы ақтарылып, қол-аяғынан түк қалмағанын айтты», - деп еске алады Д.Шелеуова. 

Фильмде Сирияға еліміздің орталық және батыс аймақтарынан аттанған қазақстандықтар туралы сирек кадрлар көрініс тауып, қақтығыс аймағында қаза тапқан қазақстандық бүтін бір отбасының оқиғасы баяндалады. Деректі туынды жұмысына белгілі дінтанушылар мен теолог мамандар, министрлік өкілдері мен құқық қорғау саласының мамандары қатысты.  

Деректі фильм «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының эфирінен 3 және 10 қараша күндері сағат 20:45-те көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар