«Classic» радиосына - 10 жыл

06.06.2021


Бүгін 6 маусым еліміздегі тұңғыш классикалық музыка радиоарнасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Classic» радиосына - 10 жыл.

Құрылғалы бері «Classic» радиосы тыңдарманға классикалық өнердің үздік туындыларын, қазақстандық және әлемдік композиторлардың шығармаларын, музыканттардың классикалық және джаз бағыттары бойынша өнерін ұсынып келеді. Радиодан қазақтың әйгілі композиторлары Ахмет Жұбановтың, Мұқан Төлебаевтың, Тілес Қажғалиевтің, Ғазиза Жұбанованың, сондай-ақ Артық Тоқсанбаев, Ақтоты Райымқұлова, Төлеген Мұхамеджанов сынды өнер қайраткерлерінің шығармаларын тыңдауға болды.

Радионың эфирі эксклюзивті авторлық музыкалық-ағартушылық, ақпараттық, ойын-сауық бағдарламалардан және қазақ-орыс тілдеріндегі тақырыптық айдарлардан тұрады. Олардың арасында Олег Бобрецкийдің «Кино блюз», Ноэль Шаяхметовтің «Джаз уақыты», Жәния Әубәкірованың «Мәдени мозаика», Серік Нұрмолдаевтың «Кертолғау» Ләйлә Мұхамеджанованың «Радиофилармония» бағдарламасы бар.

«Classic» радиосы еліміздің «Astana Opera», «AstanaBallet», Абай атындағы қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы, «Қазақстан камератасы» мемлекеттік ансамблі сияқты өнер ұжымдарымен ынтымақтаса қызмет атқарып келеді. Әр жылдары «Classic» радиосында Наталья Горячева, Зира Наурызбаева, Карина Абдуллина, Ирэн Аравина, Владимир Осипов, Лиля Калаус, Рүстем Бегенов сынды танымал музыканттар қызмет етті.

«Классикалық музыканы радио арқылы тарату ең алдымен FM хабарларын тарату ерекшеліктерін түсініп, оны нәзік талғаммен үйлестіре білуді қажет етеді. Радиостанция форматының құндылығы мен өзектілігі классикалық музыка тыңдармандарының санымен айқындалады. 10 жыл ішінде «Classic» радиосы қазақстандық медиа саланың бір бөлігіне, оның мәдени феноменіне және елдің музыкалық өмірінің барлық қатысушыларын біріктіруші күшке айналғанын атап өткім келеді. «Classic» радиосының 10 жылдығы Qazaq radiosy-ның 100 жылдық мерейтойымен сәйкес келуі радионың одан әрі табысты дамуын анықтауға мүмкіндік беретін кезең. Басшылықтың қолдауының арқасында «Classic» радиосы Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында хабар тарата бастады. Жақында ел аумағын толық қамтимыз деп сенеміз»,- дейді радионың директоры Баян Байсейітова.

Көпшілік радиостанцияны 102.8 FM жиілігінде және qazradio.fm/classicfm/kz/ сайты арқылы онлайн тыңдай алады.




Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар