Әлемдік кассалық анимациялық мультфильмдер мен көркем фильмдердің ең танымал кейіпкерлері қазақша сөйлейді. «Marvel» мен «Disney» компаниясының әйгілі туындыларын «Qazaqstan» телеарнасы дубляждап шықты.
Қазіргі уақытта «Чёрная пантера» - «Қара қабылан», «Мстители: Война бесконечности» - «Кек алушылар: шексіздік соғысы», «В поисках Дори» - «Дориді іздеу», «Суперсемейка 2» - «Суперотбасы 2», «Книга джунглей - Джунгли кітабы», «Тачки 3» - «Көліктер-3», «Большой и добрый великан» - «Мейірімді дию», «Планета сокровищ» - «Қазыналы ғаламшар», «Лис и пес» - «Түлкі мен ит», «Большое путешествие» - «Ғажайып саяхат», «Спасатели в Австралии» - «Ержүрек құтқарушылар», «Красавица и чудовище» - «Сұлу мен құбыжық», «Бэмби», «Золушка» - «Күлшеқыз», «Спящая красавица» - «Ұйқыдағы ару», «Книга джунглей» - «Джунгли кітабы», «Леди и Бродяга» - «Бикеш пен қаңғыбас» көркем және анимациялық фильмдері эфирден ұсынуға әзір.
«Басты мақсат – әлемдік премьераларды қазақстандық көрермендерге ана тілінде тамашалауға мүмкіндік беру. Осы мақсатта «Marvel» және «Disney» компанияларының ең танымал өнімдері сатып алынды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлемдік туындыларды аудару үрдісін жалғастырады. Қазіргі кезде «Disney» компаниясымен кезекті келісімшарт пакеті жүргізіліп жатыр. Әлемдік мультипликациялық блокбастерлер мен көркем фильмдерді қазақ тілінде ұсыну аясында жаңа жылдан бастап «Қазақстан» корпорациясы BBC телеарнасының ең таңдаулы деректі фильмдерін қазақ тіліне аудара бастады. BBC өнімдері «Qazaqstan» және «Abai tv» арналарының бағдарламалық кестесіне енгізілді», - деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК»АҚ Баспасөз қызметі.
2012 жылдан бері Ұлттық арна «Disney» компаниясының алтын және платина коллекциясынан 50-ге жуық туындыны аударып шықты. Бұл – ТМД елдері телеарналарының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
«Marvel» мен «Disney» туындылары «Qazaqstan» телеарнасынан әр жексенбі 14:00-де эфирге шығады.