«Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы эфирге шығады

09.03.2021

Бүгіннен бастап «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы эфирге шығады. Сериал Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романының желісі бойынша түсірілген. Қалың оқырманның тұмарындай болған шығарма көрерменге телевизиялық көркем фильм ретінде жол тартпақ. Телехикая оқиғасы майданнан аман оралған ардагер жазушының бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігінен бастау алады. Бас кейіпкер Ербол образы арқылы қазақ жауынгерлерінің ерлігі мен шынайы махаббат сезімі баяндалады. Телехикаяның продюсері - Ернар Маликов. 


«20 бөлімді туындыға актерлерді таңдау жаз айларында толықтай онлайн кастинг арқылы жүргізілді. Үміткерлерден 7300-ден астам фото, бейнеөтініш келіп түсті. Кастинг барысында халықтың даусымен қатар, үміткерлердің актерлік шеберлігі де ерекше назарға алынды. Актерлерлік құрамды онлайн таңдау, халықтық сипат алған шығарманы кино тілінде сөйлету - Ұлттық арна үшін үлкен жауапкершілік және тың тәжірибе болды», - деп хабарлайды «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Баспасөз қызметі. 

Басты кейіпкерлер Ербол мен Меңтайдың рөлін жас актер Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова сомдады. Н.Айдарова қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 4 курс студенті. Бұған дейін Ұлттық арнаның «Күй-ғұмыр», «Ғазиз жүрек», «Өмір-өзен» телехикаяларында негізгі рөлдерді сомдаған. Ермек Тұрғанбек Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын актер, теледиктор мамандығы бойынша тәмамдаған. «Qazaqstan» телеарнасының «Ауылдастар» телехикаясында ойнады. 

«Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясының саундтрегі Әзілхан Нұршайықовтың «Қызыл көрпе» өлеңіне жазылған. Көпшілікке Әли Оқаповтың орындауында жол тартты. 20 бөлімді телехикая Ұлттық арнадан бүгіннен бастап дүйсенбі-жұма аралығында 21:30-да эфирге шығады. 

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар