«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 10 тамыз - Абай күніне орай бірқатар жаңа тележобалар әзірледі. Ұлттық арна 10 тамызда 12 сағат эфирін Абай мұрасына арнаса, ұлы ойшыл атымен құрылған «Abai tv» арнасы Абайдың құнды мұраларын дәріптеуге бағытталған жобаларды бір күн бойы, үзіліссіз көрсетеді.
«Qazaqstan» телеарнасының таңғы эфирі 06:40-та Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ашылуына арналған «Қазақ халқы – Абайдың халқы» жобасымен басталып, 08:00-де екі сағат бойы тікелей эфирдегі «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасымен жалғасады. Бағдарламаға Абайдың жиеншары Ләйлә Мұқлисқызы қатысады. Сонымен қатар Жидебейдағы Абай музей-үйінен тікелей байланыс орнатылады.
Cағат 13:30-да абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметовтың «Nur Tileý» бағдарламасына берген сұхбаты, 14:00-де ақынның ұрпағы Тұрағұл Абайұлы туралы «Беймәлім Алаш» деректі фильмі көрсетіледі.
Ұлттық арна эфирінен күзгі маусымға жоспарланған қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан жүргізетін «Абайдың жолы» жаңа жобасы да Абай күнінде сағат 17:45-те алғашқы шығарылымын ұсынады. Бағдарлама хакім Абайдың терең де ауқымды шығармаларын бүгінгі оқырманға жатық, қарапайым тілмен түсіндіреді. Жоба Абай өлеңдері мен қара сөздеріне кейінгі ұрпақтың қызығушылығын оятып, сол арқылы ар-ұят, көркем мінез, білімге құштарлық, ұлтқа махаббат, отансүйгіштік, бауырмалдық, мейірім секілді асыл қасиеттерге құлшындыруды мақсат етеді.