«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы 9 шілдеден бастап тікелей эфирде «Теледәрігер» жобасын бастады. Еліміздің білікті дәрігерлері бес күн бойы тікелей эфир арқылы көрермендермен байланысқа шығып, әлемді жаулаған коронавируспен күресудің жолдарын түсіндіреді.
Бағдарлама барысында кез келген адамның студиядағы +7 (7172) 75-71-71 нөміріне қоңырау шалып, сұрағына жауап алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ел тұрғындары +7 775 9073163, +7 775 9073159 WhatsApp нөмірлеріне алдын ала бейнесауал жолдап, тікелей эфир уақытында тиісті маманның кеңесін ала алады. Одан бөлек, дәрігерлерге Skype-байланыс арқылы сауал қою мүмкіндігі қарастырылған.
«Пандемиямен күрес басталғалы Ұлттық арна халықты ақпараттандыруға барынша күш салып келеді. Тікелей эфирдегі «Ниет», «Ашық алаң» бағдарламалары күн сайын осы тақырыпта шығып жатыр, карантин кезінде «Ашық алаң» бағдарламасы күніне екі мезгіл тікелей эфирге болды. Ақпараттық бағдарламаларымыздың да негізгі тақырыбы - осы. Ал «Теледәрігер» қазір ең қажетті жоба екені анық. Жан-жақтан түсіп жатқан ақпарат ағыны өте жоғары, бірақ ақ-қарасын саралап жатқандар аз. Бағдарлама сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылып, студияға келген мамандар бір сағат бойы тек көрермен тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап береді. Яғни, студия қонағы тек дәрігерлер. Тікелей эфирде телефон желісі, WhatsApp мессенджері, Skype сияқты кері байланыс орнатудың бірнеше платформасы қарастырылған. Әзірге бағдарлама ұзақтығы 1 сағатқа жоспарланған, алдағы уақытта эфир уақытын ұзартатын боламыз», - дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Илхам Ибрагим.
Жобаның негізгі мақсаты – ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрерменге қазіргі күрделі ахуалға байланысты күнделікті медициналық кеңес беру. Дәрігерлер тікелей эфир барысында COVID-19 вирусы мен өзге де аурулардан сақтану мен алдын алу шаралары, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулық береді.
Тележоба дүйсенбі-жұма күндері 20:30-да тікелей эфирде шығады.