«Qazaqstan» ұлттық телеарнасы күзгі телемаусымнан бастап роуд-муви жанрындағы «Селт еткен сезім» телехикаясын көрерменге ұсынады.
Романтикалық комедия мен мелодрама элементтерін ұштастырған жоба ішкі туризмді насихаттауға және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Телехикаяда Қазақстанның туристік әлеуетімен қатар табиғатқа жанашырлық, жол мәдениеті идеялары қамтылған.
Сериала барысында саяхатқа шыққан басты кейіпкерлер өмірлік құндылықтарын қайта пайымдап, айналасындағы адамдарға және өз шешімдеріне деген көзқарастарын өзгертеді. Жол үстіндегі кездейсоқ кездесулер, күтпеген сынақтар мен түрлі оқиғалар олардың ішкі өзгерістеріне түрткі болады.
Жобаның түсірілімі алты айдан аса уақытқа созылды. Осы кезеңде шығармашылық топ Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Астана, Ақтау және Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай облысы мен Қатонқарағайда жұмыс істеп, жалпы 14 000 шақырымға жуық жол жүріп, еліміздің сан алуан табиғатын, тарихи-мәдени мұралары мен өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін таспалады.
30 сериялы «Селт еткен сезім» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасында 19 қазаннан бастап күн сайын сағат 13:10-да көрсетіледі.