«Qazaqstan» ұлттық арнасы ел өңірлеріндегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың барысын көрсететін ақпараттық-талдамалық «Қарқынды құрылыс» жобасын ұсынады.
Жобаның басты мақсаты – еліміздің әр өңірінде салынып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды көрсетіп қана қоймай, олардың халық өміріне нақты әсерін жеткізу. Бағдарлама «құрылыс – нысан – адам – нәтиже» қағидатына негізделеді.
Түсірілім тобы мектептер мен балабақшалар, медициналық мекемелер, жолдар мен көпірлер, тұрғын үй және спорт кешендері, әуежайлар мен теміржол желілері секілді нысандарды аралайды.
Бағдарламада бірнеше өңірдегі құрылыс барысы қатар көрсетіледі. Жүргізушілер әртүрлі өңірде жүрсе де, параллельді сұхбаттасу тәсілі арқылы бірінің ойын бірі іліп әкетіп, жанды да динамикалық диалог жүргізеді.
«Қарқынды құрылыс» жобасында заманауи визуалды шешімдерге де басымдық беріледі. AI және 3D-графика арқылы нысандардың болашақтағы көрінісі көрсетіліп, инфографика мен нақты сандар арқылы олардың өңір тұрғындарына беретін пайдасы түсіндіріледі.
«Жаңа нысан. Жаңа мүмкіндік» деген ұранды негізге алған жоба құрылыс барысын ғана емес, оның артындағы нақты нәтижені және адам өміріндегі өзгерісті көрсетуге бағытталған.
Айта кетейік, елімізде 2019-2025 жылдары 1 миллионнан астам орынға шақталған 1200-ден аса мектеп салынды. Балабақша саны 2023 жылдан бері 720-ға артты. 2020 жылдан бері елімізде 31 мың шақырым автомобиль жолы қайта жаңартылып, 72 теміржол желілерінің құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталды. Алматы, Қызылорда, Шымкент қалалары әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы салынды. Биыл Балқаш, Астана және Ақтау, Арқалық қалаларындағы әуежайлар реконструкциядан өтті.
«Қарқынды құрылыс» бағдарламасы «Qazaqstan» ұлттық арнасында 25 қыркүйектен бастап көрсетіледі.