«Qazaqstan» ұлттық телеарнасы күзгі телемаусымнан бастап әлеуметтік, мәдени және қоғамдық тақырыптарды арқау еткен 7 жаңа телехикаяны көрерменге ұсынады.
Атап айтқанда, медицинаның дамуы мен дәрігер еңбегін көрсету, адамгершілік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Донор» телехикаясы түсірілді. Бұл – донорлық мәдениетті қалыптастыруға, адам өмірінің қадірін түсіндіруге бағытталған драма.
«Селт еткен сезім» мелодрамасы ішкі туризмді насихаттауға, «Таза Қазақстан» идеясын қолдауға, еліміздің табиғи байлығы мен өңірлік ерекшеліктерін танытуға, ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуге бағытталған. Жобаның басты ерекшелігі – түсірілім жұмыстары Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын және Астана, Алматы қалаларын қамтыды.
Жаңа жобалардың бірқатары цифрлық сауаттылықты арттыруға және технологиялар дәуіріндегі адам жауапкершілігі мәселесін көрсетуге арналған. «Жоғалған есім» телехикаясы IT және агротехнология саласы мамандарының бейнесі арқылы әлеуметтік әділеттілік пен отбасы құндылықтары мәселелерін көтереді. «Киберқалқан» сериалы елдің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген мамандардың қызметін насихаттауға бағытталған.
«Адвокат Айсұлу» драмасы заң үстемдігіне деген сенімді нығайтып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғамдағы маңызын баяндайды. Жұмысшы мамандықтардың, оның ішінде кеншілер мен құтқарушылар еңбегін көрсету мақсатында «Кен жолы» телехикаясы әзірленді. Бұл сериалда өндіріс саласындағы еңбекпен қатар әке мен бала арасындағы сабақтастық сияқты құндылықтар да көрініс табады.
«Гүлдала» телехикасы қазіргі ауыл өмірін жаңа қырынан көрсетеді. Туындыда жергілікті экономиканы дамыту, жастарды ауылға тарту мәселелерімен қатар еңбекке құрмет, отбасылық құндылықтар мен экологиялық жауапкершілік тақырыптары қамтылады.
Айта кетерлігі, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы телехикаялар өндірісін 2009 жылдан бері жүйелі түрде қолға алып келеді. Басты стратегиялық бағыттардың бірі – сапалы контент арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу. 2025 жылы Түркияның «Kanal D» телеарнасымен бірлесіп 100 бөлімді «Қыздың жолы» телехикаясын әзірледі. Аталған сериал жоғары рейтингтік көрсеткіштерге ие болды.