«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2026 жылғы телемаусым жобаларын ұсынады

10.09.2026

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасы жаңа телевизиялық маусымда көрермен сұранысына сай қоғамдық маңызы жоғары бірқатар жаңа жобаны ұсынады.

Телеарна ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани, танымдық-ағартушылық және сазды-шығармашылық бағыттарды қамтитын бағдарламалар арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, қоғамдық ой-пікір мәдениетін қалыптастыруды, азаматтық сананы жаңғыртуды мақсат етеді. Түрлі салада биік белестерді бағындырып жүрген жастар туралы «Prime Era», қайырымды әрі өнегелі істерімен көпшілікке үлгі болған азаматтарды таныстыратын «Ізгілік формуласы» және экологиялық мәдениетті насихаттайтын «Таза сана» бағдарламалары жалғасады.

Жаңа маусымда бірқатар тың тележоба көрермен назарына ұсынылады. Атап айтқанда, прогрессивті ұлт қалыптастыруға бағытталған «Жасампаз ұлт», елімізде жаңадан салынған әрі салынып жатқан әлеуметтік нысандардың, индустриялық, инновациялық объектілердің тұрғындар өміріне, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына әсерін көрсететін «Қарқынды құрылыс», заң шығару саласындағы өзекті мәселелерді халыққа қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге бағытталған «Құрылтай», маңызды реформалар мен мемлекеттікбастамалардың мәнін, тарихи негізін және қоғамғаәсерін қарапайым тілмен түсіндіретін «Қазақстан антологиясы», азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы, қолдау тетіктерінің тиімділігі мен қоғамға әсері талданатын «Жауапты мемлекет» және Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесін кеңінен таныстыратын «Бір елдің перзенттері» жобалары бар.

Ұлттық арна араға 20 жыл салып аңызға айналған «SuperStar» музыкалық байқауын қайта жаңғыртты. Жыл соңына дейін жалғасатын жоба дарынды жастардың үлкен сахнаға жол ашуына мүмкіндік беріп, олардың шығармашылық әлеуетін кең аудиторияға таныстыруды мақсат етеді.

Тағы бір айта кететін жайт, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» 2026 жылы эфирге шығатын 185 бөлімнен тұратын жаңа жеті телехикая мен деректі фильмдер желісін әзірлеуде. Телехикаяларға медицина, цифрлық қауіпсіздік, заң үстемдігі, еңбек адамы, кәсіпкерлік, отбасы құндылықтары мен экологиялық мәдениет тақырыптары арқау болады. 

«Донор» телехикаясы донорлық мәдениетті қалыптастыруға және адам өмірінің құндылығын дәріптеуге бағытталған. Сонымен қатар медицина саласының дамуын, дәрігер еңбегінің маңызын және адамгершілік, жауапкершілік, екінші мүмкіндік сияқты құндылықтарды насихаттайды.

«Селт еткен сезім» телехикаясы Қазақстанның туризмін насихаттап, елдің табиғи байлығын, өңірлік ерекшелігін, жол мәдениетін және ұлттық құндылықтарын көркем экран тілі арқылы кең аудиторияға танытады. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізгі қағидаттарын дәріптеп, табиғатты аялау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру идеяларын насихаттайды. 

Ал детектив жанрындағы «Киберқалқан» картинасында ІІМ арнайы бөлімінің майоры Азаттың күресі барысында қарапайым алаяқтықтың артында мемлекетке қарсы бағытталған қуатты киберсиндикат тұрғаны анықталады. Билік пен банк жүйесіне қауіп төндірген қылмыстық әрекет кейін стратегиялық нысандарға соққы беруге көшеді. Азат тексеру жұмыстары кезінде ауыр қылмыстардың артында өзінің досы тұрғанын анықтайды.

«Адвокат Айсұлу» туындысы қоғамда заң үстемдігіне деген сенімді нығайтуға бағытталған. Телехикаяда жасанды интеллект пен цифрлық технология дамыған кезеңдегі адам жауапкершілігінің маңызы көрсетіледі. Отбасы құндылығы, ана рөлі, ар-ождан таңдауы арқылы көрерменге әділеттің түпкі негізі адамдық екені жеткізіледі.

«Кен жолы» драмалық телетуындысы 800 метр тереңде қамалып қалған шахтерлардың сабырлылығы, шеберлігі мен ауызбіршілігі сынға түсетін сәттерді баяндайды. Сонымен қатар оларды құтқару үшін жанталасқан әскери, төтенше жағдай және құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегі көрсетіледі.

«Гүлдала» телехикаясының оқиғасы тағдырдың жазуымен Гүлдала ауылына келін болып түскен білімді де жігерлі Гүлшаттың төңірегінде өрбиді. Көкпаршы Жалғастың ауыр жарақаттан кейінгі күйзелісі мен ауылдағы тоқырау жас келінді кәсіп бастауға жетелейді. Гүлшат мемлекеттік қолдау арқылы шаруашылықты дамытуды ұсынып, ауыл тұрғындарын ортақ іске жұмылдырады. 

«Жоғалған есім» телехикаясы жас кәсіпкер Айдардың өміріндегі күтпеген өзгерістен басталады. Өзінің асыранды екенін білген ол туған ата-анасын іздеуге кірісіп, отбасылық құпиялар мен сатқындыққа тап болады. Телехикаяда әлеуметтік теңсіздік, тастанды бала тағдыры сияқты өзекті мәселелер көтеріледі. 

Деректі фильмдер топтамасы

Қазақстанның ірі өзендері – Жайық, Сырдария және Ертіс бойындағы тіршілік «Өзен жағалап...» деректі фильмінің негізгі өзегіне айналады. Қайықпен жасалған экспедиция барысында өзен жағасында өмір сүретін халықтың тұрмыс-тіршілігі, табиғаты, флорасы мен фаунасы, сондай-ақ өзендердің өңір экономикасы, инфрақұрылымы және мемлекетаралық сауда байланыстарындағы маңызы көркем бейнеленеді.

«Соңғы алма» жобасы адамзат үшін стратегиялық маңызы бар табиғи байлық – жабайы алманың тағдыры туралы сыр шертеді. Ғалымдардың пайымынша, мәдени алма сорттарының генетикалық қоры біртіндеп тарылып келеді. Ал әлемдегі барлық мәдени алманың түп атасы саналатын Сиверс алмасы Қазақстан аумағында ғана табиғи түрде сақталған. Фильм осы бірегей генетикалық мұраны қорғаудың маңызына тоқталып, оның болашақ азық-түлік қауіпсіздігі мен әлемдік селекция ғылымындағы ерекше орнына назар аударады.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар