Соңғы уақытта отандық телекөрермендердің талғамы өзгеріп, танымдық маңызы бар сараптамалық жобаларға деген сұранысы артты. Еліміздегі саяси және қоғамдық өзгерістер тұсында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бірқатар бағдарламалары аудитория жинау жағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әсіресе, көрерменнің ықыласына бөленіп, өсім көрсеткен үш негізгі жобаны бөле-жара айтуға болады:

«Әлем және біз»: Әлемдік саясаттың елге әсері.
Бағдарламаның көрсететін аудиториялық үлесі сәуір айының ортасынан бастап 1,5 есеге жуық өсті. Өйткені, жаһанның бір бөлшегі ретінде алыс-жақын шетелдерде болып жатқан оқиғалардың бізге де тікелей әсер етерін халық жақсы түсінеді. Халықаралық жағдайдың ушығуы, соның ішінде АҚШ пен Иран арасындағы текетірес, Ормуз бұғазындағы ахуал, мұнай бағасы мен осындай шырғалаң замандағы дипломатиялық саясат эфирде егжей-тегжейлі талданады. Дүниеде болып жатқан үрдістерге елеңдеп, жағдайды назарда ұстағысы келген көрермен үшін бұл жоба сенімді ақпарат көзіне айналды.

«Ізгілік формуласы»: Азаматтық жауапкершілік пен игі істер.
Маусым айының соңынан бастап бұл жобаның аудиториясы екі еседен астам артты. Жақсылық жасау деген сөз тек біреуге үй салып беру немесе қаржылай көмектесумен шектелмейді – ізгіліктің формуласы өте көп. Бұл бағдарлама дәл осы идеяны көрерменге жеткізе білді. Жоба сюжеттері нақты бір әрекетпен шектелмей, өз саласында, өз ортасында қолынан келгенше жақсылық жасап жүрген қарапайым жандарды тауып көрсетеді. Айналасына шуақ шашып, ел дамуына үлес қосып жүрген мұндай азаматтарды халыққа үлгі ету – қоғамдағы ізгілік пен өзара көмекке деген сұранысқа толық жауап берді. Бұл бағдарлама Президент ұсынған «Адал азамат» мен «Таза Қазақстан» қағидаттарымен де астасып жатыр.

«Qazaq creative»: Креативті экономика және ұлттық әлеует
Креативті индустрияны дамытуға арналған бұл жоба эфирге мамыр айының соңында шығып, шілдеден бастап аудиториялық көрсеткішін 2,5 еседен астам өсірді. Бағдарламаның сәтті шығуы Президенттің елдегі креативті экономиканы қолдау тапсырмасымен және «QazaqCreative» бірыңғай цифрлық платформасының іске қосылуымен тұспа-тұс келді. Жоба мәдени кәсіпкерлік пен отандық өнердің экономикалық әлеуетін ашып көрсетіп, көрерменнің, әсіресе жастардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Түйіндей айтқанда
Телеарна жобаларының аудиториялық өсімі еліміздегі ауқымды саяси және қоғамдық өзгерістер кезеңінде орын алды. Бұл халықтың тек күнделікті жаңалықтарды тамашалап қана қоймай, елдің болашағы мен дамуын, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды көрсететін терең мазмұнды бағдарламаларға басымдық бере бастағанын айқын дәлелдейді.