Бүгін «Қазмедиа орталығында» «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы футболдан Әлем чемпионатының «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарындағы трансляциясына орай арнайы таныстырылым өткізді.
Іс-шарада көрсетілімге дайындық барысы қорытындыланып, алдағы мундиаль аясында ұсынылатын студиялық жобалар, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар мен интерактивті байқаулар таныстырылды. Шараға спорт саласының мамандары, журналистер мен комментаторлар қатысты.
11 маусым мен 19 шілде аралығында өтетін чемпионат матчтары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Бұдан бөлек qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттары, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы және «Birge.tv» платформасынан онлайн көруге болады.
Трансляциялармен қатар бір ай бойы матчтар алдында тікелей эфирде арнайы бағдарламалар ұсынылады. 11 маусымнан бастап Корпорацияның түсірілім топтары Әлем чемпионаты өтетін қалалардан репортаждар әзірлеп, тікелей эфирге шығады.
Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына тиесілі. Матчтарды өзге ресурстарда рұқсатсыз трансляциялауға және таратуға тыйым салынады. Мемлекеттік және жекеменшік ғимараттарда, қоғамдық орындарда көрсетілімдер тек құқық иесінің талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.