«Қазақстан» телерадиокорпорациясы әлемге танымал «SuperStarKZ» музыкалық жобасын қайта жаңғыртады. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды анықтауға бағытталған ауқымды кастинг басталды.
Жобаға қатысу үшін 16-25 жас аралығындағы өнерге құштар кез келген азамат өтінім бере алады. Офлайн кастинг 2026 жылғы 4-26 сәуір аралығында Қазақстанның 9 ірі қаласында өтеді.
«SuperStarKZ» – жас орындаушылардың үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік беретін бірегей музыкалық алаң. Жоба қатысушылары өз өнерін көрсетіп қана қоймай, кәсіби тұрғыда шыңдалып, жаңа шығармашылық мүмкіндіктерге ие болады.
Әлемге танымал британдық «Pop Idol» форматы негізінде әзірленген жоба Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, аз уақыт ішінде көрерменнің ықыласына бөленген болатын.
Кастинг офлайн және онлайн форматта өткізіледі. Ірі қалаларда тікелей іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады. Ал шалғай өңірлердегі үміткерлер өзіне жақын қалада офлайн кастингке қатыса алады немесе онлайн форматта өтініш беруіне болады.
Қазылар алқасының құрамында жобаның алғашқы маусымында жас таланттарды анықтауға үлес қосқан медиамаман, журналист Ләйлә Сұлтанқызы, «SuperStar KZ» шоуының бірінші маусымының финалисі, танымал әнші Мақпал Исабекова және продюсер, бірқатар табысты музыкалық жобалардың авторы Ерболат Беделхан бар. Қазылар қатысушылардың өнерін бағалап, келесі кезеңге өтетін үміткерлерді анықтайды.
Офлайн кастингке қатыса алмаған үміткерлер үшін онлайн іріктеу қарастырылған. Өтінімдер @superstarkz Telegram арнасы арқылы қабылданады.
#SuperStarKZ2026
#SuperStarKZnew
Кастинг өтетін қалалар мен уақыты туралы ақпаратты https://qazaqstan.tv/projects/superstarkz сайтынан біле аласыз.