«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Естай мен Қорлан» тарихи телехикаясын ұсынады

24.10.2025

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы «Естай мен Қорлан» атты екі бөлімді телехикая түсірді. Фильмде халық композиторы Естай Беркімбайұлының бүгінге дейін жеткен әйгілі «Құсни-Қорлан» әнінің шығу тарихы баяндалады. Сериалдың сюжет желісі 1894 жылдар шамасындағы кезеңді суреттейді.

Телетуынды түсірілімі Павлодар облысының Баянауыл ауданында өтті. Телехикаяның сценарий авторы – «Qazaqstan» арнасы бұған дейін түсірген «Абай», «Ерте көктем» сериалдарының сценарийін жазған Сержан Зәкерұлы, режиссері – бұған дейін арнаның «Он алты жасар чемпион» сериалын түсірген Нұргелді СадығұловБасты рөлдерді Музыкалық жас көрермен театрының актерлері Нұржас Садырбай мен Диана Нағыметуллаева сомдайды.

Режиссер Нұргелді Садығұлов туындының локациясынан неліктен Баянауыл өңірі таңдалып алынғанын айтты:

«Түсірілімге осы өңірді таңдап алуымыздың түбінде Естайдай махаббат жаршысын дүниеге әкелген киелі топыраққа, сол елге деген құрметтің белгісі болсын деген ниет басым болды. Фильмді түсірерде «Құсни-Қорлан» әнінің лирикалық һәм рухани бастауға ие шығу тарихы мен жазылу сәтіне мән бердік. Бұл туынды махаббат пен сағынышқа толы сырлы сезімнің, асқан сұлулықтың көркем көрінісі. Әннің дүниеге келуіне себеп болған Қорлан аруға Естайдың «сенің есі міңді күллі әлемге әйгілеймін» деген серті бар. Естай Қорланның сұлулығы мен болмысын халықтық ән арқылы бар әлемге паш еткендей көрінеді. Біз де туындыда сол сұлулықты көрсеткіміз келді», – дейді ол.

Естайдың жас кезін сомдаған Нұржас Садырбай театр сахнасында Абай, Төлеген, Жайық батыр сынды салмақты рөлдерімен көзге түскен жас талант. Ал телехикаяда Қорлан рөліндегі Диана Нағыметуллаева театрда Баян сұлу, Тоғжан, Шәмшінің ғашығы Сағынышты ойнаған.

Осы орайда, тағы бір айта кетерлік маңызды факт – туындыда Естайдың өмірінің соңына дейін жанынан тастамай алып жүрген қара домбырасының түпнұсқасы көрсетіледі.

«Естай мен Қорлан» телехикаясы «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан 26 қазан, сағат 21:00-де көрсетіледі.

Бейнеролик: https://youtu.be/6C8H2RuTdbo

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар