«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Соңғы көшпенділер» және «Құралайдың салқыны» деректі фильмдері халықаралық «Türk Dünyası Belgesel Film Festivali» фестивалінің шорт-тізіміне енді.
Фестиваль түркі халықтарының мәдени мұрасын насихаттап, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеді. Биылғы байқауға Қазақстанмен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Солтүстік Македония, Венгрия, Босния және Герцеговина және басқа да түркітілдес елдердің туындылары қатысып жатыр.
Арна журналисі Ғабит Бөкенбайдың авторлығымен түсірілген «Соңғы көшпенділер» деректі фильмі Алтайдың күнгейінде бүгінгі күнге дейін дәстүрлі өмір салтын сақтап қалған Моңғолиядағы қазақтардың өмірін бейнелейді. Фильм желісі бір отбасының жыл бойғы тұрмыс-тіршілігіне негізделген. Түсірілім тобы қыс, жаз және күз айларында Моңғолия даласында жұмыс істеп, фильм телеарна тәжірибесіндегі ауқымды халықаралық деректі жобалардың біріне айналды.
Ал журналист Болатбек Баянханның «Құралайдың салқыны» деректі фильмінде қазақ даласының символына айналған киіктердің тіршілігі мен төлдеу мезгіліндегі ерекше құбылыс – құралай салқыны туралы көрсетіледі.
«Türk Dünyası Belgesel Film Festivali» – түркі дүниесінің кинематографиясына арналған деректі фильмдер фестивалі. Оның басты мақсаты – деректі жанрды насихаттау мен қолдау, сондай-ақ түркі елдері арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайту.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы осы маусымда көрерменге Қазығұрттан Алтай мен Маңғыстауға дейінгі өңірлерді аралап, жүз жасаудың формуласына үңілетін «Ұзақ өмір сүру құпиясы», ұлттық тағам түрлерін ғылыми тұрғыдан саралайтын «Қазақ рационы», түнгі еңбек иелері туралы «Түнгі ритм», обырды еңсерген жандар туралы «Үкім емес» деректі фильмдерін ұсынады.