Еліміздегі ең ірі медиа құрылым «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамына кіретін «Balapan» телеарнасының құрылғанына биыл 15 жыл толады. Тұңғыш отандық балалар арнасы 2010 жылы 27 қыркүйекте ашылды. Осы жылдар ішінде телеарна отандық медиакеңістікте қазақтілді балалар контентінің көшбасшысына айналды. Kantar зерттеу компаниясының сараптамасы бойынша, «Balapan» 2020 жылдан бері еліміздегі ең үздік он телеарнаның қатарынан түспей келеді.
Бүгінде 8 жасқа дейінгі көрермендерге арнап тәулігіне 15 сағат хабар таратады. Телеарна 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Қырғызстан, 2024 жылдан бері Моңғолия мемлекеттерінің аумағында таралады.
2010 жылдан бері өндірілген отандық анимациялық фильмдердің басым бөлігі «Balapan» арнасына тиесілі. Бүгінге дейін көрермен назарына 2991 сериядан тұратын 160 мультхикая, 7892 шығарылымды құрайтын 434 телебағдарлама және 435 сериялы 28 телехикая ұсынды.
Осы жылдар ішінде «Balapan» телеарнасының анимациялық жобалары ағылшын, испан және португал тілдерінде АҚШ, Латын Америкасы және Ресей мемлекеттерінің интернет платформалары арқылы көрсетілсе, халықаралық компаниялардың әлем балаларына ортақ танымал өнімдері «Balapan» арнасы арқылы қазақ тіліне дубляждалды.
Бүгінде телеарна «The Walt Disney Company», «Dream World», «Pixar», «Universal studios limited», «Nickelodeon Animation Studios» сынды әлемдік ірі анимациялық компаниялардың ең сапалы, сұранысы жоғары телеөнімдерін қазақ тіліне дубляждап көрермен назарына ұсынады. Қазірге дейін әлемдік үздік мультхикаялардың 7000-нан аса сериясы кішкентай көрермендерімізге мемлекеттік тілде жол тартты. Олардың қатарында әйгілі «Элвин және алақоржындар», «Микки Маус клубы», «Сақшы арыстан», «Мадагаскар», «Ергежейлілер», «Чип пен Дейл» секілді аңызға айналған туындылар да бар.
Арна соңғы жылдары жасанды интеллектіні қолдана отырып, жаңа жобаларды да қолға ала бастады. Қазақ халық ертегілері және жеке авторлардың балаларға арналған үздік туындыларын анимациялау арқылы түрлі тақырыптағы мультфильмдер әзірленуде. Бүгінге дейін «Түлкі мен Тырна», «Тапқыр қоян», «Кім күшті», «Жолбарыс пен түлкі» және т.б. 8 мультфильм эфирге шықты, 3-еуі өндірісте. Сондай-ақ арнаның брендтік бейнелері – «Balapan» кейіп¬керлердің қатысуымен әртүрлі саланың қыр-сырын баяндайтын «Біле, жүр, балақай» 10 сериялы мультфильмдер топтамасы да жасанды интеллект арқылы әзірленіп жатыр.
Цифрлық кеңістікте де «Balapan»-ның белсенділігі жылдан жылға артып келеді. YouTube арнасындағы жазылушылар саны бүгінде 2,5 миллионға жуықтап, контенттердің жалпы қаралымы 1 млрд-тан асты. Сондай-ақ телеарнаның Instagram және TikTok парақшаларындағы оқырман саны да жүйелі түрде артып келеді.
«Balapan» телеарнасы 2025 жылы 10 жаңа анимациялық жобаны ұсынады. Сонымен қатар ұсақ моториканы жетілдіруге арналған «Бірге ойнайық!» атты шығармашылықты дамытуға бағытталған бағдарлама дайындалды. Жаңа жобалар балаларға батылдық пен татулықты насихаттап, кез келген қиындыққа мойымай, одан шығудың жолын табуды үйретеді. Сондай-ақ бүлдіршіндерді айналасындағы адамдарға құрметпен қарауға, жанашыр болуға баулиды. Бағдарлама арқылы тарихи тұлғалар жайлы түсінік қалыптастырып, ұлттық мәдениетті дәріптеу және қоршаған орта туралы негізгі ұғымдарды дамыту көзделген. Бұдан бөлек, «Желаяқ 3», «Тоқты мен Серке 6», «Ақылды тентектер 2», «Жүйрік пойыз 2» мультхикаялары, тікелей эфирдегі «Қызық әлем» және ойын-сауықтық «Balapan live» бағдарламалары жаңа маусымда өз жалғасын табады.
Телеарнаның 15 жылдығына арналған «Жаса, Balapan!» телемарафоны 27 қыркүйек күні 12:20-да көрсетіледі.