Бүгін Шымкент және Түркістан қалаларының тұрғындары мен қонақтары үшін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Тоқты мен Серке» толықметрлі анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті.
Бұл - Корпорация құрамындағы «Balapan» телеарнасының 15 жылдығына орай прокатқа шығарылған үшінші толықметрлі мультфильм. Бұған дейін кинопрокатқа «Шоқан. Қашқария сапары» және «Желаяқ» туындылары ұсынылған болатын.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай бұған дейін эфирге арналған жобаларды толықметрлі форматта кинопрокатқа шығару нарықта қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту мақсатында жасалған қадам екенін айтқан еді.
Бүгінгі жабық көрсетілім барысында «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Үкенова:
«Арна «Тоқты мен Серке» мультхикаясын 2022 жылдан бері үздіксіз өндіріп келеді. Бүгінге дейін 78 сериядан тұратын 6 маусымы әзірленіп, өз көрерменін тапқан танымал туындыға айналды. Жоба жаз бойы еліміздің 28 қалсындағы 80-ге жуық кинотеатрда көрсетіледі», - деді.
Фильмнің режиссері және сценарий авторы – Батырхан Дәуренбеков, продюсері – Нұриддин Паттеев, қоюшы-суретшісі – Самат Нұралиев.
Фильмнің шығармашылық тобы «Balapan» арнасының көрермендері үшін «Томпақ», «Қалқанқұлақ», «Вундеркинд бала» телехикаяларын түсірген.
«Ұрлық түбі – қорлық» деген нақыл сөздің мағынасын балаларға осы көркем туынды арқылы жеткізгіміз келді. Дәл осы ұстаным негізінде жарық көрген «Тоқты мен Серке» толықметражды анимациялық фильмі – бүгінгі жас көрерменге арналған тартысты, күлкілі, тәрбиелік мәні терең жоба. Фильм ұлттық таным мен заманауи тақырыптың тамаша үйлесімі деуге болады. Мақсатымыз - қазақ анимациясын жаңа белеске көтеріп, ұлттық кейіпкерлер галереясын толықтыру», - дейді жоба авторлары.
Анимациялық фильм 3 шілдеден бастап кинопрокатқа шығады.