Тылда еңбек еткен әйелдер тағдыры: «Qazaqstan» телеарнасынан «Жабайы алма» телехикаясы эфирге шығады

06.05.2025


«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Жеңістің 80 жылдығына орай жазушы Сайын Мұратбековтің халық арасында кең танылған «Жабайы алма» повесі негізінде телехикая түсірді. Телехикая сұрапыл соғыс жылдарын, сол жылдардағы қарапайым қазақ ауылдарының тұрмысын, тылдағы ауыр тіршілікті суреттейді.

6 бөлімнен тұратын туынды тылда еңбек еткен әйелдердің өмірін арқау еткен алғашқы тарихи телехикаялардың бірі.

«Жалпы, сұрапыл соғыс туралы түсірілген фильмдер аз емес. Алайда, бұл майдан шебінен тыс қалса да, соғыстың зардабын арқалаған тыл еңбеккерлерінің өміріне арналған алғашқы ауқымды жоба. Әсіресе, сол жылдардағы ауыл әйелдерінің ауыр тұрмысы, тағдырдың салмағын қайыспай көтерген қазақ аналарының бейнесі енді көрермен жүрегіне жол табады деген сенімдеміз», - деп атап өтті Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Жаңа телехикаяның қоюшы-режиссері – Айдын Сахаман, сценарий авторы – Қанат Рамазан. Актерлік құрамға келсек, басты кейіпкерлер Қанатты – Заңғар Миятұлы, Бағиланы – Назгүл Қарабалина, Назираны – Жәнел Атамбекова, Рысбекті – Мақсат Рахмет, Нұғман рөлін – Саят Мерекенов, Байдалыны – Омар Қиқым ойнайды.

«Бұл тақырып Қазақстандағы әрбір балаға таныс. Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы ең алғаш мектептегі ұстаздарымыздан естіп өстік. Сәбит Мұқановтың «Сырдариясы», Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», Сафуан Шәймерденовтің «Инеш», Дулат Исабеков, Сайын Мұратбеков шығармалары – барлығы да соғыс пен тыл тақырыбына арналған баға жетпес мұралар. «Жабайы алманың» ерекшелігі – бірде-бір кейіпкер екіншісіне ұқсамайды. Әрбірінің ішкі психологиясы, трагедиясы бөлек. Бағила – тылда қалған мыңдаған қазақ әйелінің жиынтық образы болса, Рысбек – соғыстың бүкіл қайғысын арқалаған кейіпкер. Әр кейіпкер – шынайы және дара» - дейді сценарий авторы Қанат Рамазан.

Тарихи телехикая «Qazaqstan» телеарнасынан 9-11мамыр күндері 22:15-те эфирге шығады.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар