Жеңістің 80 жылдығына орай, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Ержүрек есімдер» атты 80 бейнеролик түсірді. Бейнероликтер циклы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен 80 қазақстандық батыр туралы баяндайды. Роликтерде әрбір кейіпкердің өмір жолы мен жауынгерлік ерлігі, жеңіске қосқан үлесі көрсетіледі.
Бейнероликтер топтамасы «Qazaqstan» телеарнасы мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты 14 аймақтық телеарналардың эфирінен 27 наурыздан бастап, 9 мамыр – Жеңіс күніне дейін көрсетіледі.
Жобаның мақсаты - соғысқа қатысқан қазақстандық батырлар туралы ақпараттарды жүйелей отырып, олардың тарихи ерлігіне құрмет қалыптастыру. Бейнероликтер көрермендердің Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі туралы білімін кеңейтуге, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, тарихқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Ержүрек есімдер» жобасын әзірлеу барысында республика бойынша әр өңірдің Ардагерлер кеңесі ұйымынан, батырлардың ұрпақтарынан автобиографиясы мен естеліктер жинақталды. Сондай-ақ, «Ұмытылған қаһармандар» (2019 ж.), «Герои Великой Победы – Казахстанцы» (І том, 2016 ж.), «Герои Великой Победы – Казахстанцы» (ІІ том, 2016 ж.), «Сайыпқыран сарбаздар» (2022 ж.) кітаптарынан ақпарат алынды. Роликтер «Qazaqstan» телеарнасының ресми YouTube арнасындағы арнайы плейлистте топтастырылған.
Одан бөлек, Жеңістің 80 жылдығына орай Корпорация Сайын Мұратбековтің шығармасына негізделген «Жабайы алма» тарихи телехикаясы мен «Төрт қайсар», «Соғыс сызы» деректі фильмдерін ұсынады.
«Жабайы алма» телехикаясы соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, ауыр тұрмысты, қажырлы еңбек иелерін, адалдық пен адамгершілікті, соғыс жылдарында қазақ ауылдарына күштеп көшірілген түрлі этностардың өзара достығын көрсетеді. Алты бөлімнен тұратын тарихи жоба — тылда еңбек еткен әйелдердің өмірін арқау еткен алғашқы ауқымды телехикая.
Отан соғысында Қазақстан 500 мыңнан астам боздағынан айырылды. Солардың 500-ге жуығы ғана Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. «Төрт қайсар» деректі фильмі – ерлігі өз уақытында еленбеген, бір танк экипажында қатар қызмет еткен төрт қазақ қызы туралы баяндайды. Олар: экипаж командирі әрі көздеуші, кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күлжәмила Талқанбаева және радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева.
«Соғыс сызы» деректі фильмінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер ұрпақтарының тағдыры мен олардың бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Туынды тек шынайы деректерге негізделіп, соғыс пен одан кейінгі кезеңнің эмоционалдық және психологиялық әсерін ашады. Фильм «Ұрпақаралық жарақат» (Trauma studies) теориясы негізінде түсірілді.
Сонымен қатар, мереке күндері «Qazaqstan» арнасында қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай туралы «Әлия. Ерлік алгоритмі» деректі фильмі көрсетіледі.
Жеңістің 80 жылдығына арналған тележобаларға қатысты ақпараттарды әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көре аласыздар.