«Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жаңа маусымдағы ең басты жобасы - «Жақсылық жаса» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Төрт жылда 6 тонна пластик қақпақ жинап, одан түскен қаражатты төрт баланың еміне жұмсаған павлодарлық оқушылар Абдулазиз Ерланұлы, Аруна Маратбек және эко-шараның ұйымдастырушысы Әсем Аипова студия қонағы болды.
Әсем Аипованың айтуынша, эко-бум шарасы 2021 жылы бастау алған.
«Бұл жобаға Павлодар өңіріндегі барлық білім мекемелері, тіпті балабақшалар да қатысып жатыр. Шараға 20 мыңға жуық оқушы атсалысады. 2021 жылдан бері 6 тонна пластик қақпақ жинап, түскен қаражатты төрт баланың еміне көмек ретінде бердік», - дейді эко-белсенді.
Кішкентай еріктілер бұл шара жайлы ұстаздарынан естіген.
«Мен 1-сыныптан бастап пластикалық қақпақ жинай бастадым. Қазір 6-сыныпта оқимын. Бір жылда 15 литрлік бөтелке толы қақпақ тапсырамын. Оларды жинау оңай, ата-анам, туыстарым, достарым да көмектеседі», - дейді Аруна Маратбек.
Бағдарлама барысында балалар жасаған қайырымдылықтың арқасында дертінен айыққан балалардың бірінің анасы Қарлығаш Тұрсынова тікелей эфирге қосылып, аналық алыс білдірді.
Сонымен қатар, жобаның алғашқы шығарылымында 130 бала үшін жанын қиған азамат Қайрат Жұмабековтің жары мен баласы, екі бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілерін тегін үйретіп жүрген бокс жаттықтырушысы Ескендір Зикринов қонақ болды.
«Олар бірімізге бауыр, бірімізге дос, бірімізге әріптес болып әрқайсымыздың жанымызда жүрген жандар. Біз олардың күнделікті жұмысына, ізгі әрекеттеріне және шынайы ерліктеріне куәміз. Бүгінде адами құндылықтарды сақтау, маңыздылығын арттыру аса қажет. Ал «Жақсылық жаса» тележобасы қайырымдылық жасауды өмірлік қағидатына айналдырған дәл осындай адамдардың ерлігін өзгеге үлгі етеді, таныстырады», - деп бөлісті «Қазақстан» Телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі.
Бағдарламаның мақсаты - жақсылық жасауды өмірлік қағидасына айналдырған бүгінгі күннің батырларын үлгі ету. Жоба әр жұма сайын тікелей эфирде шығады. Жүргізушісі – Ләйлә Қазиақпар.