Аталған тарихи кезең сериалда мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-тарихшы Санжар Асфендиаровтың, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Гүлсім Асфендиарованың, дәрігер-ғалым Халел Досмұхамедовтың, академик Орымбек Жәутіковтың өмір жолы мен қилы тағдырлары арқылы көрініс табады.
Сюжеттік желіге 1930 жылдары тұңғыш жоғары оқу орны Қазақ педагогикалық институтында оқыған студенттердің естеліктері арқау болмақ.
Корпорацияның Көркемдік кеңес отырысында телехикаядағы басты кейіпкер Санжар Асфендиаров рөліне Дулыға Ақмолда, ал жары Рабиға рөліне Салтанат Бақаева, Халел Досмұхамедов рөліне Азамат Шүкеев бекітілді. Өзге де тарихи тұлғалар Әлихан Бөкейхан рөлінде Медғат Өмірәлиев, Құдайберген Жұбанов рөлін Жеңіс Қыңырбеков, Тұрар Рысқұловты Дарын Шыныбеков ойнайды. Сериалда саяси қайраткер Мұстафа Шоқай мен ақын-драматург Қажым Жұмалиев бейнелері де бар.
«Телехикаяда XX ғасырдағы қазақ зиялыларының ауызбіршілігін, араларында өзара пікір қайшылығы бола тұра, ұлт мәселесіне келгенде ортақ мүддеге жұмыла қызмет еткенін көрсету – басты мақсатымыз. Бұған дейінгі тарихи туындыларымыз негізінен бір тұлғаға арналса, бұл телехикаяда қазақ жастарының білім алып, өркениет көшіне ілесуі үшін барын салған бір кезеңнің интеллигенция өкілдерін қамтуға тырыстық. «Ерте көктем» және биыл түсірілетін «Парыз» телехикаясының да ерекшелігі осында. Сериалға «Qazaqstan» арнасының соңғы жылдардағы «Орбұлақ шайқасы», «Абай» тарихи туындыларын түсірген Мұрат Бидосов режиссерлік етеді», - деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Төрт бөлімнен тұратын сериалдың сценарий авторы - Сержан Зәкерұлы, кеңесшісі – тарихшы Алмас Жүнісбаев.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл түсіретін «Парыз» телехикаясы Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған. Сонымен қоса күзгі маусымда түркі әлеміне ортақ тұлға «Қорқыт ата» тарихи-биографиялық телехикаясы эфирге шығады.