«Қазақстан» телерадиокорпорациясы тарихи тұлғаларға арналған телехикаялар циклын жалғастырады.
7 қаңтарда «Qazaqstan» телеарнасы түсірген қазақтың көрнекті ғалымы, археолог, шығыстанушы Әлкей Марғұланның өмірі мен қызметі туралы «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» телехикаясы эфирге шығады. Тарихи туынды төрт бөлімнен тұрады.
Телехикаяның сюжет желісіне Әлкейдің Семейдегі педагогикалық техникумда оқыған жасөспірім шағы, 30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңі және қазақтың батырлық жырларын зерттеп, жарыққа шығаруға ден қойған сәті арқау болады. Орталық және Шығыс Қазақстан аймағында ежелгі қола дәуірі өркениетінің үлкен ошағы болғанын дәлелдеп, әлем қауымдастығын елең еткізген жаңалығы тарихи телехикаяның басты оқиғасы.
Сериал режиссері – Жасұлан Пошанов. Сценарий авторлары – Берікболат Сабыржанов және Данияр Күмісбаев. Сериалда Әлкей Марғұланның жастық шағын Темірлан Еркінғалиев, өмірінің кейінгі жылдарын Мұрат Ахманов сомдайды. Телесериалда Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты Әлкейдің замандастарының бейнелері бар. Мұхтар Әуезовты Ермек Шынболат пен Боранбай Молдабаев, Сәтбаев рөлін «Қаныш. Қазына» телехикаясындағы Қаныш рөлін сомдаған Әсет Есжан ойнайды.
Өмірбаяндық драмада ғалымның ғылыми жаңалықтарымен қоса, жары Раушан Сәтбаеваға деген іңкәр сезімі суреттеледі. Раушан Сәтбаеваның рөлін Дана Әмірқұл мен Рабиға Ағманова сомдады.
Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Алматы қаласы және Қарағанды облысындағы Беғазы-Дәндібай қорымында жүргізілді.
«Әлкей. Ғұлама ғұмыр» тарихи туындысы «Qazaqstan» телеарнасынан 7-8 қаңтар күндері 20:00-де эфирге шығады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы соңғы екі жылда 11 тарихи телехикая түсірді. Биыл «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» сериалынан бөлек, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және Дина Нұрпейісоваға арналған тарихи телехикаялар эфирге шықты.