«Qazaqstan» арнасында кеше ғана тұсауы кесілген «Niet» әлеуметтік жобасында көпбалалы ана баспаналы болды.
Зүлфия Жұмабаева – бес баланың анасы. 2-топтағы мүгедек. Жұбайы отбасынан бас тартқан. Содан бері паналайтын жер таппай, әркімнің босағасын жағалап жүр. Тіпті қыстың қара суығында далада түнейтін кездері болған. Көпбалалы ана жүрегі жомарт жандар жиналған студияға көмек сұрап келді.
«Осыған дейін демеушілердің, қайырымды жандардың көмегімен күн көріп жатырмыз. Балалардың күнделікті қажеттілігін зейнетақыммен ажыратып отырмын. Мұқтаждығымыз – тек баспана», - деген көпбалалы анаға «Qazaqstan» арнасының тікелей эфиріне хабарласқан Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғыны екі бөлмелі пәтер сыйлайтынын айтты. Бұл бағдарлама ұжымы үшін де, көмек сұрап келген көпбалалы ана үшін де күтпеген жағдай болды. Сонымен қатар, «Қарекет» қайырымдылық қорының өкілдері үш бөлмелі баспананың кілтін табыстады.
Екі сағат бойы тікелей эфирде жүретін бағдарламаға бүгіннің өзінде 80-ге жуық адам қоңырау шалып, Зүлфия Жұмабаеваға қаржылай көмектесетіндерін айтты. Эфир барысында көпбалалы ананың денсаулығына медициналық тексеріс қажет екені айтылды. Бұл мәселені «Niet» жобасының сарапшалар пулы құрамындағы мамандар назарға алатын болады.
Айта өтейік, 9-қыркүйек күні «Qazaqstan» Ұлттық арнасында отандық телевизияда бұрын-соңды болмаған әлеуметтік жоба көрсетіле бастады. Бағдарлама күн сайын 12:00-ден 14:00-ге дейін екі сағат бойы тікелей эфирде өтеді. Алғашқы эфирдің өзінде көмекке ие болған 1 жасар сәби Түркия еліне ем алуға аттанып кетті. Бағдарламаның бүгінгі екінші шығарылымында елордалық көпбалалы анаға баспана кілті табысталды.
«Niet» жобасы мұқтаж жандарды қолы ашық қалың бұқарамен, құзіретті оргнадармен, сондай-ақ, қайырымдылықпен айналысатын түрлі ұйымдармен байланыстаруды мақсат етеді. Мұң-мұқтажын айтып келген жандарға әр хабарда көмек көрсету жоспарланған. Бұған тікелей эфирге хабарласу арқылы қолұшын созуға ниетті отандастарымыз атсалыса алады.
Көмекке зәру жандардың өтініш-тілектері +7 776 535 0751, +7 701 555 0751 нөмірлері бойынша кез келген уақытта қабылданады. Хабар барысында сауал жолдап, пікір білдіру үшін 8 (717) 2 75 71 71, +7 701 5550751 (Whatsap) байланыс телефондары жұмыс істейді.