FIFA QATAR 2022 футболдан Әлем чемпионаты көрсетілімінің презентациясы өтті

19.11.2022


«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2022 жылғы 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Қатарда өтетін футолдан Әлем чемпионатын көрсету құқығын иеленді.

Осыған орай, ХХІІ Әлем біріншілігі көрсетілімінің соңғы дайындық жұмыстары қорытындыланып, арнайы презентация жасалды. Шарада алдағы мундиальда ұсынылатын студиялық бағдарламалар, күнделікті шығарылымдар мен байқаулар таныстырылды.

Жиынға «Астана» футбол клубының жас ойыншылары мен белгілі спортшылар - Қазақстан Ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Давид Лория, рекордшы Сергей Цырульников, суда жүзуден параспортшы Сиязбек Далиев қатысты.


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі спорттық трансляцияларды жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігі туралы айтып, Корпорация ұжымына және комментаторларға сәттілік тіледі.

«Qazaqstan» және «Qazsport» арналары жалпы спортқа, оның ішінде футболға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Бұған дейін «Superbol» телевизиялық жобасы арқылы ел өңірлерінде жүрген жас футболшылардың жұлдызын жақты. Енді бір ай бойы отандық жанкүйерлерге футбол мерекесін сыйлайды. Телеэфирлерімізде спорт журналистикасындағы ең таңдаулы деген комментаторларымыз лайықты қызмет көрсететініне сенеміз», - деді министр.


Шарада Әлем чемпионатының комментаторлық құрамы таныстырылып, Есей Жеңісұлы мен Сергей Райлян тікелей эфирде матч жүргізу тәжірибесімен бөлісті.

«Әлем чемпионатын жүргізуге ең тәжірибелі 14 комментаторды шақырдық. Бір ай бойы комментаторлармен жұмыс істейтін тіл мамандары тартылды. Одан бөлек, көрермендерге эксклюзив материалдар ұсыну үшін Қатарға арнайы түсірілім тобы жіберілді.

Бір айға жалғасатын футбол мерекесінде еліміздегі барша футбол жанкүйерлерін, спорт сарапшыларын «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан тікелей эфирде шығатын, студиялық бағдарламаларымызға қатысуға, көрермендермен ой бөлісуге шақырамыз», - деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Журналист Ерсін Ерік шарада Қатардан тікелей байланысқа шығып, жаһандық доданың соңғы жаңалықтарымен бөлісті.

Жиын соңында Қазақстан құрамасының экс-қақпашысы Давид Лория «Астана» футбол клубының жас тәрбиеленушілеріне мастер-класс өткізіп, болашақта осы балалардың арасынан әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын футболшылар шығатынына сенім білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Сонымен бірге qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляция жасалады.

Дархан Қыдырәлі, Ләззат Танысбай


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар