Қаңтар оқиғасында тұрғындарға көмек көрсеткен еріктілер «Qazaqstan» телеарнасындағы телемарафонға қатысады

28.02.2022


1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ертең 09:30-дан бастап 18:00-ге дейін телемарафон өткізеді.

Күні бойы тікелей эфирде өтетін телекөпір барысында Ұлттық арна тілшілері Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы студиялардан, аймақтардан тікелей қосылымға шығып, қоғамдағы қызметі арқылы көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген қазақстандықтар туралы көрсетеді. Қаңтар оқиғасы кезінде халыққа ерікті түрде көмек көрсеткен азаматтармен студияда тікелей эфирде сұхбат құрады.

Телемарафон кейіпкерлері арасында Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайда қалып қойған бейбіт азаматтарды үйіне жасырып, бұзақылардан құтқарып қалған алматылық Дана Сүлейменова, Ақтөбедегі түзеу мекемесінен қашпақ болған 20-ға жуық сотталушыға жалғыз өзі тосқауыл болған офицер Ербол Отарбаев, мүмкіндігі шектеулі балаларды паралимпиадаға дайындап жүрген Нұр-Сұлтандағы «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының жетекшісі Садық Байымбетов, қуаңшылық кезінде фермерлерге шөп жөнелткен Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы, сал ауруының ең ауыр түріне шалдыққан балаларға тегін емдік массаж жасап жүрген елордалық Латиф Парпиев, бокстағы карьерасын тастап, ауыл балаларына спорт клубын салып, тегін жаттығу өткізіп жүрген елордалық Мирас Масабаев, 50 баланы жол апатынан аман алып қалған Павлодар облысы Баянауыл аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері – полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов пен аға сержант Баянбек Жүнісов, 25 жасында 5 бала асырап алған жамбылдық отбасы Алтынай Тапелова мен Бақытжан Алпысбаев, Шығыс Қазақстан облысындағы Көктал ауылына көпір салуға бастамашы болған семейлік мұғалім Ахат Рақышев бар.

Сонымен бірге, телемарафон барысында арнайы рейстермен Украинадан оралған ел азаматтары туралы бейнесюжет көрсетіледі.

Қазақстандықтардың студия қонақтарына телефон желісі (8 (717) 2 75-71-41, 8 778 991 5610) арқылы байланысқа шығып, алғыс айтуға мүмкіндігі бар.

Телемарафон қарсаңында «Qazaqstan» телеарнасы ел тұрғындарынан алғыс видеоларын қабылдаған болатын. 15 ақпаннан бастап электронды пошта және WhatsApp желісі арқылы 1000-нан астам видео келіп түсті. Бейнежолдаулар тікелей эфирде көрсетіліп, Ұлттық арнаның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланады.

Алғыс телемарафоны 1 наурыз сағат 09:30, 11:00, 12:00, 13:10, 15:15, 17:15-те тікелей эфирде өтеді.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар