Тәуелсіздік күнінде «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Домалақ ана» тарихи телехикаялары эфирге шығады

16.12.2021

Тәуелсіздік күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Домалақ ана» тарихи телехикаялары эфирге шығады.

«Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының негізгі идеясы ретінде Ахмет Байтұрсынұлының «Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек, һәм осы керектердің жолында әрекет қылу керек» деген әйгілі сөзіндегі «әрекет» ұғымы алынып отыр. Телехикаяда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының басынан кешкен қиын-қыстау тағдыры баяндалып, ұлт мұраты жолында жасаған әрекеттері насихатталады.


Ахмет Байтұрсынұлының рөлін актер-драматург Байғали Есенәлиев, Бәдрисафа рөлін Майя Веронская, Міржақып Дулатұлын Бақыт Қажыбаев, Ғайнижамал рөлін Зарина Кармен, Әлихан Бөкейхановты Бауыржан Қаптағай, Әліби Жангелдин рөлін Азат Сейтметов, Ғазымбек Бірімжановты Асан Мәжит, Қаппас Тоқпаевты Ұлан Болатбек, тергеуші Саңғытов рөлін Нартай Сауданбекұлы сомдайды.


Сериалда Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің ең ауыр 1934-1937 жылдардағы кезеңі, кейін әйгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болғаны үшін Семей түрмесіне қамалғанынан басталып, Архангелскіге жер аударылғанға дейінгі 1909-1929 жылдардағы өмір тарихы қамтылады.

Сериал режиссері - Мұрат Есжан, Сценарий авторлары - Мұрат Есжан мен ақын Ұларбек Нұрғалымұлы. Жобаға ахметтанушы, Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы музей үйінің жетекшісі, ұлт ұстазына арналған «Ғасыр саңлағы» кітабының авторы Райхан Имаханбет ғылыми кеңесші ретінде атсалысты. Көркемдік кеңесші – алаштанушы ғалым Ұшқын Сайдырахманұлы.

2 бөлімді «Домалақ ана» телехикаясына белгілі режиссер Нұриддин Паттев жетекшілік етті. Сценарий авторлары - Бақытжан Құлжабай және Батырхан Дәуренбеков. Домалақ ана бейнесін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық театрының актисасы Алтын Айнабалаева мен «Astana Musical» театрының актрисасы Арайлым Құсайынова сомдап шықты, Бәйдібек би рөлін актер Асхат Тішібаев ойнады.


Фильм барысында аңыз ана Нұриланың болмысы көрерменге тартымды оқиғалар арқылы жеткізіледі. Балалық шағы, бой жетіп, сол кездегі ел бастаған ерлердің бірі Бәйдібек бимен кездесуі, оған жар болып, қасиетті Домалақ ана атануы толығымен суреттеледі. Телехикаяда сонымен бірге қазақтың салт-дəстүрлері мен ежелгі тұрмысы көрініс табады.


«Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері 20:00-де, «Домалақ ана» телехикаясы 17 желтоқсан 18:00-де эфирге шығады.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен биыл 6 тарихи сериал түсірді. Оның ішінде Бөкей ордасын басқарған Жәңгір хан тұлғасына арналған «Сарай сыры», мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев туралы «Тәшенев.Тайталас», қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев туралы «Қаныш. Қазына», Мұқағали Мақатевтың 90 жылдығына орай түсіріліген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаялары бар.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелерінің қызметі туралы ресми жаңалықтары (баспасөз хабарламалары) ;»

Аймақтық арналар