«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 3 мың қазақстандықтың қатысуымен Мемлекеттік Әнұранға бейнебаян түсірді. Жоба Қазақстан азаматтарының патриоттық сезімін көтеріп, ел мен жерге сүйіспеншілігін арттыру мақсатында қолға алынды.
Бейнебаянға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі және ҚР Ұлттық Ұланының 180 сарбазы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының 120 әртісі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының 150 қызметкері және өңір жастары, студенттер, сала мамандары мен қарапайым ел тұрғындары қатысты.
Түсірілім жұмыстары Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, рухани астана - Түркістан қалаларында жүргізіліп, негізгі көрініске елордадағы «Қазақ Елі» монументі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Қазмедиа» орталығы» телерадиокешені, Алматыдағы Республика алаңы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, «Көктөбе» демалыс кешені, Түркістандағы «Керуен сарай» туристік кешені, Қожа Ахмет Ясауи қорық-мұражайы, Каспий теңізі мен Алматы облысының Шарын шатқалы, Ақмола облысындағы Бурабай ұлттық паркі және Маңғыстау облысының Ақеспе тауы алынды.
Әнұранды ел тұрғындарымен бірге опера және эстрада әншілері С.Байғожин, А. Жылтыркөзов. Ж. Шыбықбаев, Н.Үсенбаева, Е. Вицинская, Т. Забирова, А. Балажанова, М. Салықов, К. Төленбаева, О. Алтынбеков, Б. Қилымхан, М. Анарбек, Е. Нариманұлы орындады.
Сонымен бірге бейнебаянға ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе АҚШ, Түркия, Ресей, Қытай елінде қызмет етіп және білім алып жүрген ел азаматтары мен осы елдердегі қандастар топтастырылды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бейнебаян түсіріліміне қолдау көрсеткені үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігіне алғыс білдіреді.
Бейнебаян Корпорацияға қарасты «Qazaqstan», «Abai tv», «Balapan», «Qazsport» телеарналары мен 14 аймақтық арна эфирінен 15 желтоқсаннан бастап күн сайын көрсетіледі.