2023 жылдың басында көрсетілген 10 үздік сериалдың 8-і «Qazaqstan» телеарнасының өнімі - Ләззат Танысбай

19.05.2023
2023 жылдың басында көрсетілген 10 үздік сериалдың 8-і «Qazaqstan» телеарнасының өнімі - Ләззат Танысбай

2023 жылдың басында көрсетілген 10 үздік сериалдың 8-і «Qazaqstan» телеарнасының өнімі. Бұл туралы Алматыда «Ұлттық медиа қауымдастығының» ұйымдастыруымен өткен «Медиаөлшем. Телевизия нарығының өзекті мәселелері» атты жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.

«2023 жылы нарықта көрсетілген отандық сериалдар арасында ТОП-10-ның 8-і «Qazaqstan» телеарнасының өнімі. Осы жылы көрсетілген «Сезім толқыны», «Ақжауын», «Жат бауыр» сериалдарының максимум үлесі 35%-ға жеткен жағдайлар да болды. Осылайша, соңғы екі жылда біздің сериалдарымыздың көрсеткіші нарықтағы шетелдік сериалдар көрсеткішінен асты», - деді Ләззат Танысбай.


Басқарма төрайымы 2023 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша «Qazaqstan» телеарнасы барлық арналар арасында екінші орында тұрғанын айтты. Ләззат Танысбайдың айтуынша, арнадағы отандық сериалдардың жоғары көрсеткіші басқа да бағдарламаларға деген сұранысты арттырады.

 «Қазір «Qazaqstan» арнасы жобаларының 75%-ын ішкі өнімдер құрайды. Оның ішінде басым көпшілігі тікелей эфирде, интерактив бағытта, көрермендердің қатысуымен өтетін бағдарламалар. Ұлттық арна аудиториясында 17-25 жас аралығындағы жастардың үлесі артты. Алдағы уақытта жастар сұранысына жауап беретін жобалар қатарын көбейтеміз», - деді Басқарма төрайымы.

Осы жылдың 21 мамырынан бастап «Qazaqstan» арнасынан жастарға арналған «Дара» білім сайысы эфирге шығады, ал Корпорация биыл жалпы бөлім саны 178 болатын 10 отандық сериал түсіру жоспарлап отыр.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабының:

3-тармағы. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1-тармақшасы ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты жариялауы тиіс:

«ақпарат иелері басшыларының және олардың орынбасарларының ресми сөздері мен ресми мәлімдемелерінің мәтіндері;»

Аймақтық арналар