Ләззат Танысбай: Қазақстанда теледидар көру белсенділігі 22 пайызға артты
Қазақстандық аудитория сенімді ақпарат көзі ретінде телевизияны таңдайды. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында айтты.
Ләззат Танысбай TNSGallupMedia жүргізген зерттеуге сәйкес, коронавирус пандемиясы кезінде респонденттердің 52%-ы дәстүрлі медианы, оның ішінде телевизияны ең сенімді ақпарат көзі ретінде таңдағанын атап өтті. Аталған кезеңде теледидар көру белсенділігі Қазақстанда 22%-ға артқан.
«Соңғы 90 күнде Youtube-тағы танымал жобалардың жиырмалығын отандық телеарналардың контенті құрап отыр. Бұл жағдайда интерет телевизиялық контентті танымал етудің қосымша құралына айналып отырғанын көре аламыз. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының барлық медиаресурстарындағы жазылушыларының саны 6 миллионға жуық. Оның ішінде Youtube-арналардағы жазылушыларының саны 4 миллионды құрайды. Яғни, бұл біздің дәстүрлі телеаудиториядан бөлек, қосымша тұтынушыларымыз», - деді Басқарма төрайымы.
Сондай-ақ телевизия өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы өз бағытына берік, дәстүріне адал. Ол дәстүрлер - ұлттық құндылықтарды насихаттау, этносаралық бірлікті нығайту әрі жаһандану дәуірінде басқалармен бәсекелес бола білу. Бұл - телевизияға деген сұраныс артып жатқан бүгінгі кезеңде аса маңызды»,- деді Л.Танысбай.
Бір ғана мысал, «Qazaqstan» Ұлттық арнасының аудитория үлесінің өсімі жыл басынан бері 96 пайызды құраған. Ал пандемия кезінде интернет-платформалардағы қашықтықтан оқыту жүйесіне балама ретінде «Balapan» телеарнасының эфирінде арнайы қашықтан оқыту бағдарламасының ұйымдастырылуы дәстүрлі электронды БАҚ-тың маңыздылығы мен ықпалын көрсетті.
23.06.2025
Қоғамдық-саяси бағыттағы хабарларға көрермен сұранысы артып келеді
2024 жылдың қараша айында Алматы қаласында дәстүрлі XVI республикалық «Media Құрылтайы» өтті. Бұл құрылтай – отандық медиа саласының даму бағыттары, түйткілді мәселелері мен жаңа трендтерін талқылауға арналған ірі салалық пікірталас алаңы. Бұл жолғы құрылтайда телеарналарды қаржыландыру, отандық телехикая өндірісі, аудитория талғамының өзгеруі секілді өзекті тақырыптар сөз болды.
Сарапшылар телевизияның әлі де өзектілігін сақтап отырғанын атап өтті. Research Central Asia зерттеу компаниясының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 41,4%-ы теледидарды күн сайын қарайды. Әрбір көрермен күніне орта есеппен 177 минутын телебағдарламалар көруге жұмсайды. Қоғамдық-саяси бағыттағы контентке сұраныстың артқаны байқалды. Мәселен, «Qazaqstan» телеарнасының «Апта», «Ақорда», «Бас тақырып», бағдарламаларының үлесі 10-14% аралығында. Бұл – көрерменнің тек ойын-сауық емес, қоғамдық маңызы бар ақпаратты да тұрақты тұтынатынын көрсетеді. «Media Құрылтай» барысында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы өзге де бағыттар бойынша өз тәжірибесін бөлісті.
2025 жылдың қаңтарынан мамыр айына дейінгі кезеңде «Qazaqstan» телеарнасы 0,53% рейтингке және 9,1% аудитория үлесіне қол жеткізіп, барлық өлшенетін телеарналар арасында 5-орын алды. «Balapan» телеарнасы 0,30% рейтинг және 5,0% үлеспен 9-орын, ал спорттық бағыттағы «Qazsport» телеарнасы 0,14% рейтинг және 2,4% үлеспен 12-орынға тұрақтады.