2015 жылғы 16 қарашадағы №401-V «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес «Қазақстан» РТРК» АҚ (бұдан әрі – Қоғам) квазимемлекеттік сектор субъектісі ретінде ақпарат иеленуші болып танылады.
Заңның 16-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда ақпарат иеленушінің құзыретін, өкілеттіктерін, міндеттері мен функцияларын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ ақпарат иеленушінің нормашығармашылық қызметі туралы ақпаратты орналастыруға міндетті.
Осылайша, 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 25) тармақшасына сәйкес нормативтік құқықтық акт – республикалық референдумда не уәкілетті орган қабылдаған, құқық нормаларын белгілейтін, олардың қолданысын өзгертетін, толықтыратын, тоқтататын немесе тоқтата тұратын белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат.
Сонымен қатар, 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 34) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ осы органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес құқықтық актілер қабылдауға құқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Парламент Палаталары, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, орталық атқарушы органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, әкімдер, өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар).
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 41-бабына сәйкес мемлекеттік органның құзыреті деп мемлекеттік орган қызметінің мәнін айқындайтын заңнамамен белгіленген өкілеттіктерінің жиынтығы түсініледі;
мемлекеттік органның өкілеттіктері деп мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері түсініледі;
мемлекеттік органның міндеттері деп мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттары түсініледі;
мемлекеттік органның функциялары деп мемлекеттік органның өз құзыреті шегінде қызметті жүзеге асыруы түсініледі.
Мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттіктері, функциялары мен міндеттері Конституцияда, заңдарда және оған қатысты жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган, Үкімет немесе Президент қабылдайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Қоғам квазимемлекеттік сектор субъектісі ретінде ақпарат иеленуші болып табылады. Алайда Қоғам мемлекеттік-биліктік өкілеттіктерге ие уәкілетті орган болып табылмайтындықтан, Заңға сәйкес интернет-ресурстарда құзыретті, өкілеттіктерді, міндеттер мен функцияларды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ нормашығармашылық қызмет туралы ақпаратты орналастыру міндеті Қоғамға жүктелмейді.