
3 шілдеден бастап «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Тоқты мен Серке» толықметрлі анимациялық фильмі кинопрокатқа шығады.
«2022 жылдан бері «Balapan» телеарнасынан үздіксіз шығып келе жатқан мультхикаяның алты маусымы да жоғары рейтинг көрсетті. Осыған орай, арнаның 15 жылдығы аясында анимациялық мультхикаяның толықметрлі нұсқасы әзірленіп отыр. Кинопрокатқа арналған жобаның жаңа маусымы жаңа оқиғаларға құрылған. Сондықтан, бұл отбасылық туынды тек балалардың емес, ересектердің де көңілінен шығады деген ойдамыз. Фильм жазғы демалыс бойы еліміздің 28 қаласындағы 80-ге жуық кинотеатрда көрсетіледі», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Басқарма төрайымы биыл прокатқа шыққан «Шоқан. Қашқарияға сапар», «Желаяқ» туындылары да арнаның 15 жылдығы қарсаңында көрермендерге тарту екенін жеткізді.
«Тоқты мен Серке» анимациялық мультхикаясы кейіпкерлердің бастан кешкен хикаялары арқылы кішкентай көрермендерге мақсатқа жету жолындағы тәуекелшілдіктің, достыққа берік болу мен адал еңбек етудің маңызын көрсетеді.
Фильмнің режиссері және сценарий авторы Батырхан Дәуренбеков бастаған шығармашылық топ бұған дейін «Balapan» арнасының көрермендері үшін «Томпақ», «Қалқанқұлақ», «Вундеркинд бала» телехикаяларын түсірді.
«Тоқты мен Серке» анимациялық фильмін кең прокатқа дейін Түркістан мен Шымкент қалаларының тұрғындары жабық көрсетілімдер аясында алғаш болып тамашалай алады.