
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Balapan» телеарнасы бүгіннен бастап «Шоқан. Қашқария сапары» атты толықметражды анимациялық фильмін прокатқа шығарды.
Жоба биографиялық туынды емес, ғалымның тек әйгілі Қашқария экспедициясына негізделген.
«Шоқан. Қашқария сапары» жобасы – Корпорацияның толықметражды анимациялық фильм жасаудағы алғашқы тәжірибесі. Мақсатымыз – балалар арасында ғалым тұлғасын тануға деген қызығушылықты арттыру. «Balapan» телеарнасының 15 жылдығы қарсаңында бұдан бөлек, жыл соңына дейін «Желаяқ», «Тоқты мен Серке» мультфильмдерінің толықметрлі нұсқаларын тамашалай аласыздар», - деді «Қазақстан» РТРК» Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық туындысы балаларға үлкен мерекелік базарлық екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында балаларға арналған «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық фильмін сәтті шыққан туынды ретінде атап өтті. Расымен де, бұл балаларға тәрбиелік тұрғыда ғана емес, патриоттық сезімін оятатын анимациялық фильм. Көрсетілімнің көктемгі каникул қарсаңында ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Себебі, оқушылар дәл осы каникул кезінде фильмді тамашалауға мүмкіндік алады. Мұны біз балаларға арналған көктемгі сыйлық ретінде қабылдадық. Туындының мәні мен мазмұны «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен үндесе кеткенін ерекше атап өткім келеді», - деді министр.
Анимациялық фильм бүгіннен бастап еліміздің 26 қаласындағы кинотеатрлар желісінде көрсетіледі.