Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен «Қорқыт ата» телехикаясының түсірілімі басталды

23.10.2022
Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен «Қорқыт ата» телехикаясының түсірілімі басталды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматы облысында түсіріліп жатқан «Қорқыт ата» телехикаясының түсірілім алаңына барды. Тарихи туындыны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен Өзбекстан Республикасының «Кинематография агенттігі» бірлесе түсіреді. 

Түркі әлеміне ортақ «Қорқыт ата» телехикаясының сценарийі өткен жылы жазылып, биылғы жылдың 5 қазанынан түсірілім жұмыстары басталды. Тарихи туынды 4 бөлімнен тұрады. 


«Дала абызына қатысты аңыздардың көпшілігі қазақ даласында сақталған. Өздерінің түп-тамырын, шығу тегін Қорқытпен байланыстыратын халықтар көп. Сондықтан бұл телехикая халықаралық нарықта танымал жоба болатынына сенеміз. Ең алдымен, өз тұлғаларымызды дәріптеуде осындай телехикаялардың маңызы зор»,- деді министр Д.Қыдырәлі. 

Министр түсірілім тобына Түркі академиясы зерттеушілерінің Алтайдың Қарақаба жазығынан тапқан V-VІ ғасырға тиесілі қобызды пайдалануды ұсынды.  

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша, бұл Ұлттық арнаның өзге мемлекетпен бірлесе қолға алған алғашқы телехикаясы.


«Біз үшін алғашқы тәжірибе және алғаш рет өндіріс ұзақ мерзімге созылып отыр. Қараша айында Өзбекстанның Бұхара қаласындағы түсірілімдер басталады. Сериалдың экранизациясы 2024 жылға жоспарланған»,- деді Басқарма төрайымы. 

 Жоба продюсері бұған дейін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасындағы жоғары рейтингті «Ауыл мұғалімі», «Шырағым», «Шабдалы18» телехикаяларына жетекшілік еткен Шолпан Батырбаева, режиссері Қанағат Мұстафин. Қ. Мұстафин алғашқы отандық 100 бөлімді телехикая «Қара шаңырақ» сериалының режиссері ретінде танымал. Жобаның тарихи кеңесшісі – этнограф Берік Жүсіп. Редакторы - Болат Жетекбай. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдеріне Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір бекітілді.


Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V Заңы

Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру туралы 16-бабы.

3-тармақ. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

18-тармақша. Жаңалықтар легін жариялауға міндетті;

Аймақтық арналар