«ЖАП-ЖАҚСЫ ЖАҢА ЖЫЛ». «QAZAQSTAN» ТЕЛЕАРНАСЫ ЖАҢА ЖЫЛДА КӨРЕРМЕНГЕ НЕ ҰСЫНАДЫ?

24.12.2019

31 желтоқсан күні «Qazaqstan» телеарнасы көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ұлттық арнаның мерекелік кестесі тың тележобалар мен тұсаукесерлерге толы. Басты жаңажылдық сыйлық - Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте өткен концертінің теленұсқасы. АҚШ-тың әйгілі «Barclays Center» аренасына 51 елден 20 мыңға жуық тыңдарман жинаған бұл концерт 2019 жылдың ең ауқымды шоуы болмақ. Концерт алдында Димаш туралы арнайы жоба эфирге жол тартады. Онда Димаштың ата-анасымен бірге, қазақстандық және әлемнің түкпір-түкпіріндегі фанаттарының сұхбаттары беріледі. Эксклюзив жобаны көрермен 31 желтоқсан күні тамашалай алады.

«Qazaqstan» арнасының Жаңа жылға арнаған басты тақырыптық жобасы - «Жап-жақсы Жаңа жыл» атауымен әзірленді. Арна жүргізушілері және танымал өнер иелерінің қатысуымен түсірілген жоба көрермен күтпеген түрлі тосынсыйларға толы. Ерекшелігі, бұл күні көрермен арна жүргізушілері мен отандық жұлдыздарды жаңа образда көреді. Биылғы жылдың ең рейтингті жобасы «Екі жұлдыз» шоуының финалистері де жаңажылдық кештің басты кейіпкерлеріне айналады. 

Телерадиокорпорация мерекеде кішкентай көрермендерін де сый-сыяпатсыз қалдырмайды. Ұлттық арнада 30 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін «Дисней» мультфильмдерінің апталығы өтеді. Мультхикаялар блогында әлемдік прокатта ең үздік деп танылған «Мұзды өлке», «Сұлу мен құбыжық», «Күлше қыз», «Супер отбасы», «Супер отбасы-2», «Аңдар шаһары», «Рапунцель», «Сұлу мен құбыжық.Сиқырлы Жаңа жыл» туындылары бар. «Супер отбасы-2» мультхикаясы телекөрермендерге алғаш рет қазақ тілінде көрсетілмекші. 

Соңғы уақытта «Qazaqstan» арнасы мереке күндері үздік отандық кинотуындыларды көрсетуді игі дәстүрге айналдырып келеді. Тәуелсіздік күнінде «Томирис» тарихи фильмі алғаш рет Ұлттық арнадан көрсетілгені белгілі. Мұндай тұсаукесерлер мерекелік демалыстардың кестесінде де бар. Ұлттық арна дыбыстаған «Бақыт деген...», «Өмірдің өзі», «Ең сұлу» туындыларымен қоса, жаңа отандық комедия – «Келінім, саған айтамын...2» фильмі алғаш рет эфирге шығады. 

«Әзіл әлемі» жобасының жаңажылдық шығарылымымен бірге, әйгілі «Шаншар» әзіл-сықақ театрының 25 жылдығына арналған мерекелік кеш те - жаңажылдық негізгі тартулардың бірі. 

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының көрермендерге дайындаған сыйы мұнымен шектелмейді. 2020 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық арна Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына орай өткен «Жыл әні» ұлттық музыкалық жүлдесін көрсетеді. 4 қаңтарда «Qazaq Music Awards» тұңғыш ұлттық музыкалық жүлдесінің теленұсқасы ұсынылады. Мерекелік бағдарламалар шеруі 3-5 қаңтарда «Алтын домбыра-2019» республикалық ақындар айтысымен жалғасады. 

Ерекше көңіл-күй сыйлайтын мерекелік көрсетілімдер телеэфирмен қатар, арнаның ресми сайтында, You Tube желісіндегі «Qazaqstan TV» арнасынан тікелей трансляцияланады. 


Закон Республики Казахстан «О доступе к информации» от 16 ноября 2015 года № 401-V ЗРК.

Статья 16. Размещение информации на интернет-ресурсах

пункт 3. Обладатели информации в пределах своей компетенции обязаны размещать на интернет-ресурсах:

подпункт 1) общую информацию о деятельности обладателя информации:

«официальные новости (пресс-релизы) о деятельности обладателей информации;»

Региональные телеканалы