Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай деректі фильм түсірілді

13.01.2020

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы күллі түркі дүниесінің ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай деректі фильм түсірді. Көрерменге «Өркениет шырақшысы» атауымен ұсынылғалы отырған екі бөлімді тарихи-зерттеу туындысы 18 қаңтар 20:35-те эфирге шығады.

Деректі фильмнің түсірілім жұмыстары 5 ай көлемінде ғұлама ғалым дүниеге келген, тарихта «Зернук», «Весидж» деген атпен белгілі Оқсыз жерінен басталып, ежелгі Отырар, Каир шаһарларында жалғасты. Сонымен қатар, түсірілім тобы ғұлама өмірден өткен Дамаск қаласында болып қайтты.  

Кемеліне жеткен шағында Әбу Насыр елін тастап, Бағдадқа неге аттанды? Ұлы ойшылға қатысты «Отырар кітапханасының негізін қалаған» деген аңыз шындыққа қаншалықты жанасымды? Неліктен барша өркениетті әлем оған «екінші ұстаз» деп тағзым етеді? 

Деректі туындыда осы сауалдарға жауап беріліп, Әл-Фараби адамзаттың асыл қазынасы - ғылым жетістіктері мен азат ойдың құтқарушысы ретінде сипатталады. «Екінші ұстаздың» араб елдерінде жарық көрген еңбектерінің басым көпшілігі сақталғанын, ал туған еліндегілері Түркістан өркениетімен бірге жоғалғаны айтылады. 

«Әл-Фараби бүгінгі қазақ даласынан шығып, бүкіл араб фәлсафасының негізін қалады. Өз заманындағы барлық, ғылым мен ілім түрлерін жүйеге келтірді. Оның өмірі туралы дерек аз, алайда рухани мұрасы ұшан-теңіз. Біз оның суретін алғашқы ұлттық теңгемізге салдық, есімін басты университетімізге бердік. Алайда, еңбектерін өз тілімізге әлі толық аудара алмай отырмыз. Оның ұлттық аямызға қайтып оралуы дәл осы міндетпен өлшенеді. Себебі, ол еліне оралуды өмір бақи аңсап өтті.  

Біздің парызымыз – «Парасат падишасы» атанған ұлы ғалымның атағын ғана емес, рухани мұрасын, арман-мұратын, ізгілік ұстанымдарын туған еліне қайтарып, ұлттық руханиятымыздың ажырамас бөлшегіне айналдыру», - дейді фильм авторы, журналист Дархан Әбдік.  

Туындыда ғалымның зерттеу еңбектеріне қатысты отырартанушы Бекжан Бейсенбай, ғалым, өнертану профессоры Тынысбек Қоңыратбай, «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтаев пікір білдіреді.   

Деректі фильм «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының эфирінен 18,25 қаңтар күндері сағат 20:35-те шығады.

Закон Республики Казахстан «О доступе к информации» от 16 ноября 2015 года № 401-V ЗРК.

Статья 16. Размещение информации на интернет-ресурсах

пункт 3. Обладатели информации в пределах своей компетенции обязаны размещать на интернет-ресурсах:

подпункт 1) общую информацию о деятельности обладателя информации:

«официальные новости (пресс-релизы) о деятельности обладателей информации;»

Региональные телеканалы